Жартастағы бейнелер не айтқысы келеді?
Германиядан келген Георг Август атындағы Гёттинген университетінің философия докторы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге маманданған Йоханнес Рекельдің қатысуымен облыс аумағындағы бірқатар жартас суреттеріне мониторинг және ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Талас ауданы, Ақкөл ауылынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде орналасқан Кемер петроглифтері, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылынан оңтүстік батысқа қарай 9 шақырым қашықтықтағы Ақтоғай петроглифтері зерттелді. Облыс территориясында петроглифтер – жартастағы суреттер кеңінен тараған. Олар жайдақ плиталарда соғылған. Петроглифтердің көлемді тобын сол уақытқа тән сюжеттер құрайды, қолын жоғары көтерген ерлердің қосарланған фигуралары, шоқпарлы жауынгерлер, бұқалар, аңдар бейнеленген. Сонымен қатар Қордай және Шу-Іле тауларының, Шоқпар, Қотыр, Ақсүйек, Ойжайлау, Аңырақай петроглифтері зерттелді. Қола дәуірінің петроглифтері арасында атқа жегілген арбалар бейнесі көп таралған.
Бұлардың басым бөлігі екі доңғалақты жеңіл аңшылық және әскери арбалар, оларға ат немесе түйе жегілген. Ежелгі адамдарда аспан күн арбасы туралы аңыз болған: мұндай арбалармен аспанда барлық құдайлар жүрген деп есептелген. Қола дәуіріне ұрыс сценалары, шоқпар, балта және садақпен қаруланған жаяу әскер шайқастары да жатады. Шоқпарлы жауынгер көне әдебиетте жиі айтылады, ал, шоқпар қасиетті және күшті қару деп аталады. Суреттер ішінде жер айдау сюжеттері кездеседі. Онда соқаға жегілген бұқалар, аттар мен ешкілер салынған. Соқаның артынан адам жүр.
Бұл сценалар жаңа жылды тойлаумен, көктемдегі күн мен түннің теңесуімен, табиғаттың жаңаруын тойлаумен байланысты болса керек. Петроглифтерді мазмұны мен қызметі жағынан екі үлкен топқа бөлуге болады: шынайы баяндау түріндегі композициялар мен таңба тектес тау ешкілердің суреттері. Петроглифтерде аттылылар бейнесі, аң аулау, көші-қон, жекпе-жек сценалары бейнеленген. Кемер петроглифтері, Ақкөл ауылынан 17,8 километр оңтүстікте, Қаратау-Ақкөл тас жолының сол жағындағы Кемер деп аталатын жердегі қия беткейіндегі тастарға салынған. Қызылқоңыр, қара тас беттеріне түйе, нар, жылқы, тауешкі, балық, жылан және тағы басқалар бедерленген.
Сызықпен берілген саңырауқұлаққа ұқсас бейне де кездеседі. Ғылыми топ жартас суреттерінің қазіргі жағдайымен, олардың стилистикалық ерекшеліктерімен танысып, тарихи-мәдени маңызын талқылады. Аталған жұмыстар көне ескерткіштерді сақтау, ғылыми тұрғыда тану және оларды халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады.
Aq jol-Aqparat.