Денсаулық

Жауынгер саптан шығып қалмау үшін...

Әскери медицина жалпы, азаматтық медицина саласы сияқты негізінде адамдарды емдеумен айналысатын болғанымен өзінің атқаратын қызметіне және басымдықтарына байланысты бәрінен ерекшеленеді.

Әскери медицина – бұл істегі кәсіпқойлық пен бұйрықтың сөзсіз орындалуы сәйкестене үйлесетін ерекше сала. Азаматтық медицинадан айырмашылығы, әскери дәрігерлер тек әскери киім киіп қана қоймайды, сонымен қатар олар кез келген уақытта кез келген аймаққа, соның ішінде «ыстық нүктелерге» бара алады, сондай-ақ төтенше жағдайларда өмірді сақтап қалу үшін бәріне дайын тұрады. Олардың басты айырмашылығы мен миссиясы осында жатыр.

Оңтүстік өңірлік әскери қызметшілері үшін негізгі медициналық мекеме Тараз қаласының әскери госпиталі болып табылады. Мұнда әскерилерге бейбіт уақытта да, болмаса соғыс жағдайында да қажетті медициналық көмек көрсетіледі.

Оқусыз, жаттығуларсыз, біліктілікті, дағдыларды үнемі жетілдірусіз әскери дәрігерлердің жұмысын елестету мүмкін емес. Өйткені, олардың іс-әрекеттеріне адамның денсаулығы ғана емес, өмірі де байланған.

Тараз госпиталіндегі әскери дәрігерлерінің тәжірибесі мол. Олардың қатысуымен еліміздің әртүрлі полигондарында модульдік әскери-далалық госпитальдың жұмыс істегендігі, далалық жағдайда әскери қызметшілерге көрсетілген медициналық көмектері сөзімізді растайды. Бұл кез келген жағдайда, тіпті майдан даласында, оқ астында бабалар аманатын арқалай жүріп өз кәсіби міндеттерін адал орындауға дайын тұратын дәрігерлер. Сондықтан әскери медицина төтенше жағдайларда тартынып қалмайтын, ал іске келгенде нағыз ұйымшылдықтың үдесінен шыға білуі тиіс. Ал әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтай отырып Отан қорғаушылардың саптан шығып қалмауын қамтамасыз ету олардың басты мақсаты болып қала береді.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ