Аймақ

Алып көпір құрылысының аяқ алысы қалай?

Облыс орталығында Абай даңғылын темір жолдың арғы жағымен байланыстыратын көпірдің құрылыс жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Жоба құны 16 миллиард теңгеге бағаланып, құрылысы екі жылға есептелген. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Жобаны іске асыру жалпы Тараздың логистикасын едәуір ұлғайтуға және облыс орталығының екі ауданының дамуына мүмкіндік береді. Жол өткелінің өткізу әлеуеті тәулігіне 80 мың автокөлікті құрайды. Көпір көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қойылатын барлық талаптарды ескере отырып жобаланған.

Айта кетуіміз керек, істі бастамас бұрын қала әкімдігі үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Ең алдымен құрылыс жұмыстарының басталуына кедергі келтірген ғимараттарды сатып алу жүзеге асырылды. Бұзуға жататын барлығы 58 ғимарат анықталды, олардың ішінде жеке тұрғын үйлер, бизнес объектілері және ХҚКО ғимараты болды. Қазіргі уақытта солардың 35-і бұзылды, ал негізгі жұмыстар теміржолдың арғы бетіндегі Абай даңғылының бойында жүргізілуде. Мұнда басты көшедегі автомобиль қозғалысы толығымен тоқтатылған.

Әрине, қолайсыздықтар бар. Мысалы, қоршалған құрылыс алаңының жанында орналасқан үйлердің тұрғындары арасында техниканың тоқтаусыз шуылына шағымданып жатқандары бар болса, кейбіреулері экскаваторлар мен басқа да шынжыр табанды үлкен машиналардың жер бедерін дүрсілдеткен қозғалыстарынан үйлерінің қабырғалары жарылып, сызат түсіп жатқандығын айтып, шағымдануда. Бірақ бұған қала әкімдігінің жауапты мамандары құрылыс жұмыстары барысында тұрғындарға ешқандай да зиян тимейтіндігін алға тартып, «үйіміздің қабырғасы жарылды» деген секілді басқа да сол сарындас айыптаулардың шындыққа жанаспайтындығын жария етіп отыр. Өйткені құрылысты бастамас бұрын атқарушы органдар жұмыс орнына жақын орналасқан үйлерді мұқият зерттеген. Содан кейін барып өз рұқсаттарын берген. Ендеше, тұрғындарға мұндайда тек шыдамдылық таныту қажет.

Әрине, кемшіліктер бар – қала халқы қызметіне көп жүгінетін, Абай даңғылында орналасқан жергілікті ХҚКО филиалы мен Глазунов офтальмологиялық клиникасы көпір құрылысына байланысты жұмысын тоқтатты. Бізді қазір нысанның екінші жартысында да осындай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Оның да өзіндік қолайсыздықтары, жайсыздықтары бар болуы мүмкін. Алайда сол қолайсыздықтар ертең жаңа өткел-көпірдің арқасында Тараздағы оқшауланған аудандардың өзара байланыстары жақсарған кезде сөз етуге тұрмай қалады.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ