Құландағы қоқыс алаңы қашан көшіріледі?
Бүгінде қоқыс мәселесі бүкіл әлемді алаңдатқан өзекті тақырыпқа айналып отыр. Кейбір елдерде қоқысты сұрыптап, қайта өңдеумен табысқа айналдырса, біздің елде бұл әдіс қанша жылдан бері айтылғанымен жүйесін таппай келеді. Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде өткен жиналыста қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын құрудың жоспары ұсынылған болатын. Сол жиында өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды дамытуға арналған нысандар іске қосылып, инфрақұрылымды дамыта алсақ 2025 жылға дейін қайталама шикізат, яғни металл, шыны және пластиктің өңдеу көлемін 30 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылған. Қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтар жаңа экологиялық кодекске сәйкес энергияға айналдыру зауыттарына жіберілетіні де жарияланған еді. Алайда әлі күнге дейін елімізде қоқысты игеру мәселесі түбегейлі шешімін таппай келеді.
Өткен аптада Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында орналасқан қоқыс полигонынан өрт шығып, қою түтіні Луговой ауылына тарап, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Тұрғындар әлеуметтік желіде қоқыстың өртенген түтінінен уланып жатқандарын, шілденің ыстық күнінде есік-терезесін аша алмай қиналып отырғандарын жазды. Жағдайды көзбен көріп, аудандық әкімшілік тарапынан нендей шара қолданылып жатқанын білмекке ауданға бардық. Иә, өрт өшіріліпті, жауаптылардың айтуынша ауа райының қатты ысып, күн сәулесіне шиша сынықтары шағылысып, өрт шыққан. Алайда өшірілген өрт қайта тұтанбасына кім кепіл?
Бұл ауданда Құлан мен Луговой халық саны жағынан үлкен ауылдар. Осы екі ауылдың ортасында орналасқандықтан қоқыс полигоны тұрғындар үшін жайсыз. Полигон басынан кезекшілікте жүрген мамандарды кездестірдік. Бұл қоқыс полигоны Құлан ауылдық округіне қарағандықтан, осы округтің басшылығы да кезекшілікке шығып, өрт сөндіру көлігі үнемі осында дайын тұратын болған. Біз барғанда кезекшілікте Құлан ауылы әкімінің орынбасары Еркебұлан Рахманқұл жүр екен.
Күннің ыстығында өздігінен өртену қаупі бар қоқыс полигонының екі ауылдың ортасынан басқа жерге көшірілуі туралы Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдан сұрадық.
Яғни, қоқыс алаңы келесі жылы көшіріледі. Оған дейін қазіргідей кезекшілік ұйымдастырумен қауіпсіздік қадағаланады.
Аудан әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Аденовтың айтуынша, аудан бойынша жалпы 42 елді мекенге экологиялық талаптарға сай орталықтандырылған 14 тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуге арналған полигондар орналасқан.
Бүгінде елімізде 3,2 мыңнан астам полигон бар екен. Нақты деректерге сүйенсек, осы полигондарда 120 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналған. Жылына шамамен 5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі, бұл еліміздің бір тұрғыны күніне шамамен 0,6 кило қалдық шығаратынын көрсетеді. Ал полигондағы қоқыстың табиғи құбылысқа байланысты өртенуі бек мүмкін және оның кері әсері қандай болатынын шілдеде түтінге тұншыққан Луговой ауылының тұрғындары айтып бере алады. Жақында ғана экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев баспасөз конференциясында жыл сайын елімізде 4,5 миллион тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналатынын, оның қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25,8 пайыз болғанын айтты. Вице-министр өз баяндамасында өткен жылдың қорытындысында елімізде 2973 полигон болғанын, алайда олардың тек 20 пайызында, яғни 608- інде қажетті рұқсат құжаттары барын да атап өтті.
Брифингте хабарланған мәліметке сүйенсек, бүгінде әкімдіктер 7 жаңа нысан салып, пайдалануға берген. 23 полигон бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталып, тағы 18 жоба әзірленуде. Сондай-ақ министрлік 11 өңірде кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен 43 полигон құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқан көрінеді. Біздің айтпағымыз – жоспарланған жұмыстар сәтті жүзеге асып, оң нәтижесін халық көрсе, игі. Құландағы қоқыс алаңы да елді мекеннен алшақ жерге көшірілсе, тұрғындар тұншықпаса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т. Рысқұлов ауданы