Жаңалықтар

Қазақстан – Түркия: Баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталды. Қазақстан Президенті Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайраткердің рухына тағзым етіп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның достығы нығая беретініне сенім білдіріп, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясының мүшелері де қатысты.

Мәртебелі мейман ҚасымЖомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі Анкарадағы Президент сарайында өтті. Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-бірін е ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан соң мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізді.

Келіссөз аясында президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ саудаэкономикалық, инвестициялық және мәденигуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беріліп, ел Президенті бірқатар компания басшыларын қабылдады.

ҚасымЖомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтты. Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.

«Екінші Отаныңызға қош келдіңіз»

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан -Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.

Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды. Тараптар тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы айрықша екенін атап өтті.

Бұл ретте Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолға алынған реформалар шетелдік кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді. Еліміз ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға әрқашан дайын.

Бұдан бөлек Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексінде шикізатты терең өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі, яғни айрықша мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Түрік инвесторларына бірлескен қор құру арқылы тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылады. Екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығының болашағы зор.

Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі, дән желімшесінің (клейковина) 26 пайызы Түркияға экспортталады. Жалпы, елімізде түрік кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығында құны 1,3 миллиард доллар болатын 23 инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың 18-і іске қосылып, өнімдері халықаралық нарыққа шығарылуда. Сонымен қатар тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжейтегжей пікір алмасты. Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр.

Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Қазақстан делегациясына ілтипат білдірген Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші Отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше құрмет көрсетті. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 180 жыл толуымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімі қабылданды. Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында 18 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Инвестициялық байланысты арттыру – басты бағытымыз

Өзара келіссөздер мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық экономикалық кеңестің 5-ші отырысынан кейін Қазақстан мен Түркия президенттері баспасөз мәлімдемесін жасады. Мемлекет басшысы, ең алдымен, Түркияға ресми сапармен келуге шақырып, қазақ делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін бауырлас түрік халқына және Президент Режеп Тайип Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.

Президент қазір екі елдің қарымқатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, бүгінгі нәтижелі келіссөздер қос халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты.

Келіссөз барысында тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.

Президент ауыл шаруашылығын тағы бір маңызды сала ретінде атады. Бұл ретте ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан Түркияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Қазақстан ауыл шаруашылығын цифрландыру, өнімділікті арттыру және өңдеу өнеркәсібін өркендету ісінде Түркияның жоғары технологиясын пайдалануға қызығушылық танытады. Мемлекет басшысы Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы зор жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайип Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында ITтехнологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.

Сонымен қатар екі ел президенттері әлемдегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты. Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді. Қазақстан мен Түркия Президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.

Ел Президентіне Түркия Республикасының ең жоғары марапаты табысталды

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарымқатынастарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.

Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

 

Akorda.kz