Мәдениет

Ұранды елдің – ұрпағы қайсар

Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Данқ» залында Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Өшпес ерлік пен өлшеусіз Даңқ» атты еске алу кеші өтті. Кеш Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Кеш барысында «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Сонымен қатар, соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған «Батыр деген жарқ-жұрқ еткен бір алмас», «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім Бауыржан Момышұлы», «Ел үшін туған ер Саттар», «Ұлы Жеңіс – дарқан елге дара бақ, дала ұрпағына аманат!» фото-галерея ұсынылды.

«Бабалар сөзі» көп томдығымен «Жеңістің темір куәсі», 110 томдық «Тараз мұралары» жинағымен «Ұлы Отан соғысына – 80 жыл» көрме-инсталляция безендірілді. Шара аясында Бауыржан Момышұлына, Сәду Шәкіровке және Саттар Естемесовке арналған поэзиялық қойылымдар ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері «Бауыржан», «Батыр деген жарқ-жұрқ еткен бір алмас», «Ел үшін туған ер Саттар» өлеңдерін патриоттық рухпен орындап, «Ана туралы баллада», «Қазақ қызы», «Саттар батыр жауынгер» әндері шырқалды.

Сондай-ақ Саттар Естемесовтің ерлігін арқау еткен «Саттардың өлмес ерлігі» театрландырылған көрініс қойылды. Іс-шараның соңында Ерлан Исаевтың орындауында «Ер Саттар» күйі тарту етілді.

Бұл кеш – Ұлы Жеңіске тағзым ету, ел ертеңін қорғаған ерлерді мәңгі жадымызда сақтау жолында жасалған тағылымды шара болды.

 

Aq jol – Aqparat.