Білім

«Ілім-ғылымды өмірінде пайдаланған ұтады»

Ғылым сапалы өмір сүруге қажетті түрлі саланы зерттеп, оның тіршілік иелеріне берер пайдасын анықтап, одан ары дамыту жолын қарастыру үшін қажет. Күн сайын жаңарған қазіргі заманда ұстаздар да оқушыларға білімді өз өміріне қолданатындай ұтымды етіп үйретуге басымдық беріп отыр. Жас ізденушілерді білім мен ғылымға қызықтыра шақырып, күнделікті тұрмыспен байланыстыра оқытып жүрген ұстаздың бірі – облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицейинтернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев. Ол өзінің үйретушілік еңбегінде «Ілім-ғылымды өмірінде пайдаланған ұтады» деген ұғымды ұстанады.

Тіл ғылымын зерттей жүріп, жас ұрпақты осы бағытқа оқытып және ұлттық құндылықтар бойынша ізденуге шәкірт тәрбиелеп жүрген Базарбай Рысбайұлының ғылыми байқаулардан жеңіске жетіп жүрген оқушылары да аз емес. Жақында республикалық ғылыми байқаудан 3-орынды жеңіп алған оқушы Аяулым Әсілбек бақытты отбасын құрудағы халқымыздың «Ұрын бару» салты туралы ғылыми жобасын әзірлеген. Оның бұл тақырыпты зерттеуіне қазіргі жастар арасындағы ажырасудың жиілеуі себеп болыпты.

Профессор Тәуке Әнесұлы: «Салттар негізінде пайда болған ұлттық мәдениет эволюциялық дамуын жалғастыра береді. Салттар − ұлттың мазмұндық негізін анықтайды әрі сақтайды. Осылайша қазақ мәдениеті батыстық өркениет моделімен сәйкестенбей өзіндік ерекшелігін дәлелдейді» деген болатын.

Қазақ халқының ұлттық салттары заман көшіне ілесе отырып, өзінің эволюциялық дамуымен өзгеге ұқсамайтын мазмұндық ерекшелігін мәңгілік сақтап отырады. Ал, енді дәстүр деген ұғымға келер болсақ, қазақ халқы − дәстүрге өте бай халық. «Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігінде» дәстүрге

«Белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортада ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтікмәдени құндылықтар жиынтығы» деп анықтама берілген.

Дәстүрдің ең басты қасиеті − ұлттың әлеуметтік-тұрмыстық ортасында құндылық ретінде қалыптасуы. Мысалы «Үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты адамдарды сыйлау, қонақжайлылық, жомарттық, қайырымдылық, туысқандық, бауырмалдық, жанашырлық, рақым, махаббат, балажандылық, тектілік, ұлтшылдық, достық, ақыл-парасат секілді этикалық құндылықтар жатады.

Дала халықтарының мәдениетін алғаш зеттеушілердің бірі А.Левшин (1799-1879) қазақ дәстүрі жайында былай деп жазды:

Көздеген мақсаты биік жас шәкірттерді ғылымға жетелеп, ұлттық тәрбиемен ұштастыра заманауи білім беріп жүрген мұғалім Базарбай Рысбайұлы өзі де шығармашылыққа жақын. Ол білім саласындағы оқытудың өзекті мәселелеріне өз көзқарастары мен тұжырымды пікірлерін баспасөз материалдары арқылы да білдіріп отырады.

Облыстық, республикалық баспасөздерде «Әдебиеттегі ұстанымдар: ерекшелік, әдемілік, тәрбие, тәжірибе», «Жамбыл − менің жай атым, Халық – менің шын атым», «Қазақстанның ел бірлігі стратегиясы мемлекеттік тілден бастау алады», «Педагогикалық үдерістегі дарынды балалар мәселесі» және басқа да тақырыптарда мақалаларын жариялап, республикалық «Өзін-өзі тану» журналында «Көзіңнен қимас жас көрдім» лирикалық өлеңдер топтамасы жарық көрген.

Ол «Қазақ диалектологиясы» атты мектеп ұстаздарына арналған әдістемелік оқу құралын жазды. Бұл оқу-әдістемелік құрал тіл білімінің бір саласы диалектология ғылымына арналған. Кітапта диалектология ғылымының зерттеу нысаны, зерттелу тарихы, тілдік ерекшеліктері, тағы басқа мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, онда қосымша материалдармен, осы саланың глоссарийі де берілген. Оқу-әдістемелік құрал мектеп мұғалімдеріне, оқушылар мен жалпы жергілікті тіл ерекшеліктерінің қалыптасуы мен жай-күйін білгісі келетін көпшілік қауымға да көмекші бола алады.

Ұлттық құндылық пен Ана тілінің құнарын жас ұрпаққа сіңіруді мұрат еткен ұстаз «Ұлт тілі – халық тарихының жүріп өткен жолындағы төл құжаты болса, адамның тілі – тағдыр таразысында берілген жеке куәлігі» деп біледі. Сол себепті де халықтың асыл мұраларын ғылыми тұрғыда зерттеп, одан ары дамыту жолдарын қарастырып жүрген ұстаздың ұлағатты ісіне сәттілік тіледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА