Экономика

Құрылыс кері кетсе құрыдым дей бер...

«Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылы Тараздағы бұрынғы «Агроқұрылыс» АҚ базасында құрылған болатын. Алғашқы кезде мұнда елу адам жұмыс істейтін, 10 техника ғана бар еді. Үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесінде серіктестік көп ұзамай облыстағы әлеуетті де жетекші құрылыс компанияларының біріне айналды. Кәсіпорын осы мерзімде облыс аумағында көптеген ірі әлеуметтік нысандардың және тұрғын үйлердің құрылысын жүргізді.

Ондаған мектеп, балабақша, аурухана, гидротехникалық құрылғылар мен жүздеген көппәтерлі тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді.

«Ісім өнсін десең, көзін тап» дейді халқымыз. Көпқабатты үйлерді қызыл кірпішпен, құм және газоблоктармен соғу – көп адам күшін талап етеді әрі ұзақ уақытқа созылады. Өркениетті елдерде жүз қабаттан асатын ғимараттар салынып жатқаны белгілі. Олар оны жаңа технологияны қолданып, қысқа мерзімде салып, пайдалануға беруде. Ондай ғимараттарға негізінен металл каркастар және ірі қабырғалық панельдер қолданылуда.Тұрғын үй салуда биномдықтар да осы тәсілді таңдаған. Кәсіпорын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында темірбетон өндіретін зауытында ірі қабырғалық панель жасайтын инвестициялық жобаны жүзеге асырған болатын.

Бүгінде кәсіпорын жылына 60000 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Мұның өзі оларға жылына 60 пәтерлік 30 тұрғын үйді ел игілігіне ұсынуға мүмкіндік береді. Заманауи үлгіде өндірілетін ірі панельдердің өзге материалдарға қарағанда артықшылығы көп. Панель – жеңіл, жазда – ыстық, қыста суық өткізбейді. Ол – тегіс әрі жылтыр болғандықтан жұқа сылақ жүргізіледі.

Ауа райы: қатты ыстық пен үскірік аяз жыл он екі ай жұмыс істеуге кедергі келтіре алмайды. Ірі панельді нысандарда жұмыстың 80 пайызы техника күшімен атқарылады. Серіктестікте оған қажетті қуатты мұнаралық крандар мен оларды құрастыратын мамандар жеткілікті.

Бүгінде «Биномда» жүзден астам бірлік техника бар, оның 70 пайыздан астамы жаңа. Жаңа технологиямен салынған ғимараттар жер сілкінісіне де төзімді. Техника мен құрал-жабдықтардың 10 пайыздан астамы жыл сайын тұрақты жаңартылады. Жұмысқа жаңадан қабылданған жастарды өз қаржысы есебінен біліктілікті жетілдіру курстарында оқытады. Соның нәтижесінде маман тапшылығын сезініп отырған жоқ. Қазір мұнда 500-ден астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы – 250 мың теңге. Қазір кәсіпорынның тапсырыс көп түссе, жылына 10 миллиард теңгенің құрылысқұрастыру жұмысын игере алатын әлеуеті бар.

Компания кейінгі жылдары тендерге қатысып, жер телімдерін ұтып алды. Ол жерде ірі панельдермен 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер салып, оларды өздері қолжетімді бағамен сатуда. Өткен жылы Жуалы ауданындағы Түктібай ауылында 300 орындық мектеп пен Б.Момышұлы ауылында бес қабатты тұрғын үй салып, пайдалануға берген. Байзақ ауданында 6 көпқабатты үй қолданысқа берілген. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, Байзақ ауданында 2,5 гектар жер телімін сатып алған. Ол аумақта 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді.

Таяуда Тараздағы 14-шағынаудан аумағынан тендерде 4,5 гектар жер ұтып алды. Келешекте осында үш жылда 5 және 9 қабатты 10 үй ел игілігіне беріледі. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Ағымдағы жылы кәсіпорын Тараздағы Қан орталығы ғимаратының қасында 30 және 60 пәтерлі екі элиталы үйдің құрылысын бастайды. Бұл ғимараттарда тұрғындар бір жылдан кейін қоныстойын тойлайтын болады. Биномдықтар мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, ірі де күрделі нысандардың құрылысын ұтып алғысы келеді. Бұған олардың әлеуеті мен кәсіби шеберлігі толық жетеді.

 

Ақан ЖОЙҚЫНБЕК

журналист.

Суретте: Серік Олжабеков