Экономика

Сантехникті бәрі сыйлайды

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамына деген құрмет артып келеді. Қандай мекемеде болмасын, өз жұмысына адал, мінезімен де, істеген ісімен де ұжымның құрметіне бөленіп жүрген қарапайым маман иелері көп. Соның бірі – «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» мекемесінің жұмысшысы Мұрат Асанов.

Әріптестерінің айтуынша, ол өз ісіне жан-тәнімен берілген, кәсіби шеберлігімен, адами қасиеттерімен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Сондайақ оның еңбегі жастарға үлгі боларлықтай. Мұрат Қыдырұлы 2011 жылдан бері осы мекемеде аспапшы-сантехник қызметін атқарып келеді. Осында жұмысқа орналасқан сәттен бастап, мекеменің өзіне жүктелген жұмысын абыроймен атқаруда.

Жалпы мекеменің жылу желілерінде, ауыз су жүйесінде, сантехникалық басқа да бөліктерінде ақау болса, оны тез қалпына келтіріп, жөндеп қояды. Оның шеберлігінде шек жоқ. Қолының ептілігінің арқасында оқу процесінде оның жұмысынан ақау шығып, мекеменің жұмыс режімі бір сәтке де тоқтаған емес. Жұмыс барысындағы ұқыптылығы, өз ісіне деген жауапкершілігі басшылықтың өзіне деген сенімін арттыра түскен. Сондықтан да мекемеде сантехникалық мәселеге қатысты сұрақ туындаса, кеңесетін адамы осы Мұрат Қыдырұлы. Ұжымда оның еңбегі ескерусіз қалған емес. Жұмысына деген жауапкершілігі басшылық тарапынан ескеріліп, түрлі марапаттармен марапатталып отырады. Ол білім беру қызметкерлерінің біріккен кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен екі мәрте марапатталған. Мекеменің де марапаттары бар. Бұл марапаттар – оның еңбегіне берілген жоғары баға.

Сондай-ақ Мұрат өз жұмысымен шектеліп қана қоймай, кеңес сұраған ұжымдастарына ақыл-кеңесін айтып, қажет болса қол көмегін де беріп отырады. Жарық шамын жөндеу, бүлінген орындық, партаны қалпына келтіру, есік-терезе шынысын ауыстыру, құлып ауыстыру сияқты майда-шүйде жұмыстарды бар ынтасымен істеп береді. Сонымен қатар жаңа келген жас мамандарға да ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ал жеке өмірінде, отбасында Құдай қосқан жұбайы Гүлзада Теңбергенқызы екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы