Жаңалықтар

Жастар неге ауылда тұрғысы келмейді?

Ауыл – қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Көңіл құрғыр сол «Ауыл» десе елеңдеп тұрады. Жұмысымыз, тұрағымыз қалада болса да, ауылдан хабар жетсе, ештеңеге қарамай шаба жөнелетініміз тағы бар. Сөйткен қасиетті ауылдың бүгінгі жағдайы алаңдауға тұрарлық. Ауыл халқының қалаға көшуі жылдан жылға артып, елді мекендер тозып барады.

Әлем сарапшыларының айтуынша, алдағы онжылдықта шағын және ірі қалалар тұрғындарының саны артып, ауыл халқының саны азаятын көрінеді. Болжам бойынша әлемдік урбанизация деңгейі 2050 жылға қарай 70 пайызды құрауы мүмкін. Мұның сызы қазірдің өзінде анық білініп отыр. Мысалға, мен өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы Бақалы ауылы Тараз қаласынан бар болғаны 50, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан 7 километр жерде орналасқан. 100 үйлі ауылда бүгінгі күні 30 үй бос тұр.

Күтімсіз қалып, арасында бұзылып кеткен үйлердің орны үңірейіп қалған. Өзге елді мекендерде де бос тұрған үй көп. Сатуға қойылған үйлер өтпей, көз алдыңда тозып барады. Тұрғындардың жаппай қалаға көшуі мектептердегі бала санының қысқаруына әкеліп отыр. Мәселен, Көкбастау ауылдық округінің орталығы Теріс ауылында 620 орынға арналған үш қабатты мектеп бар. Мектеп пайдалануға берілген 1990 жылы екі ауысымда бір мыңнан аса бала оқитын.

Бақалы және округке қарасты елді мекендерден тасымал ұйымдастырылған тұста бала саны екі мыңға жуықтаған кезі де болған. Ал қазір Бақалы мен Теріс ауылын қосқанда мектепке баратын бала саны 250-ге әзер жетеді. Ал екі ауылда шамамен үш жүзге жуық үй бар. Бала санының кемуі есебінен Жуалыда үш мектеп биыл жабылып отыр. Соның бірі – Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылы. Мұнда бұрын жүзге тарта үй болса, қазір 30-ға жетер-жетпес түтін қалған.

Жолдың қашықтығы мен қыс айларындағы қиындықтан қалғаны аудан орталығына, қалаға, басқа қалаларға көшіп кеткен.

Бұл жағдай Талас ауданына да тән. Тоқсаныншы жылдары ауданның орталығы болған Ақкөл ауылынан ел көшіп, талай үй бұзылып кеткен жоқ па? Сарысу мен Мойынқұм халқы да жыл санап азаюда. Мұның басты себебі неде? Неге бұлай? Ауыл халқы ауылдан неге көшіп жатыр? Осы сұрақ көптің көкейінде тұрғаны анық. Жуалы ауданы, Көкбастау ауылдық округі әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер ағамыз Илияс Мамедалиев бұл жағдайды жұмыстың жоқтығымен байланыстырады.

Өкінішті-ақ, бірақ ащы болса да бүгінгі күннің шындығы. Осылай жалғаса берсе болашағы жоқ ауылдар қатары көбейе түспек. Ал әзірге ауылдан қалаға ағылған көшті тоқтату мүмкін болмай тұр. Бұл біз айтқан бір-екі жағдай. Әйтпесе көшуге жүгін түйіп даяр отырғаны қаншама. Олардың орта жасы бүгінде 35-60 аралығын құрайды. Бірі мектепте мұғалім болса, енді бірі дәрігер...

Ауылда маман тапшы кезеңде белең алып бара жатқан үрдістің алдын алмаса, соңы қиын болғалы тұр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ