Кәсіпкерлер аулаларды асфальттап беруде
Қордай ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап аудан көлеміндегі тазалық шараларына бақылау жүргізу мақсатында құрамына аудан басшылығы, жергілікті полиция бөлімінің өкілдері мен қоғам белсенділері енген бастамашыл топ құрылып, 10 күндік рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Аталған акция аясында Қордай ауданының кәсіпкерлері де игі іске белсенді түрде атсалысып келеді. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтің ұсынысына сәйкес, бірқатар кәсіп иелері өз нысандарының аумағын абаттандырып, санитарлық жағдайын жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен сауда орындарының сыртқы келбеті жаңартылып, қасбеттері жөнделіп, тротуарлар мен аулалар асфальтталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 10-нан астам кәсіпкер бастамаға үн қосып, тазалық пен тәртіпті сақтау ісіне өз үлесін қосуда. Сонымен қатар ауданда экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 7 ауылда биотермиялық шұңқырлар салу жобасы қолға алынған. Қазіргі таңда Қордай, Сортөбе, Ауқатты және Ноғайбай ауылдарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар аясында 5000 ағаш отырғызылып, 200 шаршы метр көгал егілді. Сонымен қатар 20 шақырым арық пен каналдар тазартылып, 1900 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Жалпы саны 8550 адамды қамтыған 9 сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Наурыз-сәуір айларында «Taza Like» бағдарламасы аясында «Болашақты бірге отырғызамыз», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Таза жағалау», «Жасыл қала», «Жасыл аула», «Таза аула – таза қала/ аудан», «Жаңару күні», «Түлектердің ағашы» сынды ауқымды іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде 6500 ағаш отырғызылып, 25 шақырым арық пен каналдар тазартылып, 2500 тонна қалдық шығарылды.
Аталған жұмыстарға 12300 тұрғын белсене қатысты. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 20 мың түп ағаш отырғызу көзделіп, қазіргі таңда 12 мың ағаш отырғызылды. Ағаштарды суару және қоршау жүйелері демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Айта кету қажет, тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында Telegram-бот арқылы 21 өтінім қабылданып, барлығы уақытылы орындалды. Аталған жұмыстар Қордай ауданында экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Aq jol-Aqparat