Құрғақшылық су ресурстарына қосымша күш түсірді
Биылғы суару кезеңі басталғалы бері Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 миллиард текше метрден астам су пайдаланылған. Бұл көлемнің шамамен 7,7 миллиард текше метрі елдің оңтүстігіндегі бес өңірге тиесілі.
Қызылорда облысында «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен су беру бойынша 1 015 келісімшарт жасасқан. Бүгінде облыста 126,6 мың гектар жер суарылып, жалпы су жіберу көлемі 2,766 миллиард текше метрді құрап отыр.
Облыста бес магистральдық және үш шаруашылықаралық каналдар арқылы кезекпен су беріледі. Қазіргі уақытта өңірдің барлық егістігінің 98 пайызы кезекпен суарылады. Қызылорда облысының егіс алқаптарына су беруді жақсарту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі ирригациялық каналдарда жылжымалы сорғы қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізді.
Барлығы 324 қондырғы орнатылды. Түркістан облысында су пайдалану көлемі – 3,01 миллиард текше метр, ал суарылған алқаптардың ауданы – 367,9 мың га. «Қазсушардың» жергілікті филиалы шаруалармен су беру бойынша 9 608 шарт жасасқан. Облыстың Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма пайдалануға берілді. Бұл егіс алқаптарын қосымша су көлемімен қамтамасыз ету үшін қажет.
Ордабасы ауданында 17 тік дренажды ұңғыма жөнделді. Сондай-ақ өңірде «Достық» мемлекетаралық каналының төменгі ағысындағы шаруа қожалықтарын сумен қамтуды жақсарту және «Қазсушардың» Түркістан филиалының каналдарындағы су деңгейін көтеру үшін «Машиналық әдіспен су көтеру каналын» механикалық тазартуды аяқтады. Жетісу облысында бүгінде су беруге 7 492 шарт жасалды. Өңірдегі жалпы су алу көлемі шамамен 673 миллион текше метр, вегетация кезеңі басталғалы бері 103,8 мың гектар жер суарылды. Сонымен қатар 17 мың гектарға ылғалдандыру жұмысы жүргізілді.
Жамбыл облысында су алу көлемі – 588,6 миллион текше метр, суарылған егістік көлемі – 66,6 мың гектар. Өңірде су беру бойынша 3 872 келісімшарт жасалған. Вегетация кезеңіне дайындық аясында «Қазсушардың» жергілікті филиалы 28,8 км каналға механикалық тазалау жүргізді. Алматы облысында нақты су алу 631,4 миллион текше метр. Вегетация кезеңі басталғаннан бері өңірде 128,4 мың гектар жер суарылды. Оның ішінде «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» арқылы 46 мың гектардан астам алқапқа 226,84 миллион текше метр су берілген.
Кәсіпорын су беру бойынша 2 740 келісімшарт жасасқан. Егіс алқаптарына суды тиімдірек жеткізу үшін Қазақстанның барлық облысындағы «Қазсушар» филиалдары 780 км ирригациялық каналға механикалық тазарту жүргізді. Сондай-ақ 78 гидротехникалық нысан жөнделді.
Су ресурстар және ирригация министрлігі.