Отыз жылдан бері омарташылықпен айналысқан ұстаз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен Жолдауында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ауыл шаруашылығы саласында ара және балық шаруашылығын дамыту қажеттігін сөз еткен болатын. Осыған орай, омарташыларға да елеулі көңіл бөлінуде.
Осы кәсіпке ден қойғандардың арасында мектеп мұғалімдері де бар. Соның бірі – Есен Абдулғазиев. Ол Байзақ ауданындағы Бурыл орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ал бал арасын өсірумен 30 жылдан бері айналысып келеді.
Жалпы елімізде 12 мыңнан аса омарташы бар екен. Олар 600 мыңнан аса ара ұясын ұстап отыр. Жылына шамамен ара өсірушілер 5 мың тоннадан аса өнім өндірсе, соның 450 тоннасын шетелге экспорттауда. Негізгі экспортталушы елдер қатарында Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай Халық Республикасы бар. Ал ара өсірумен Жамбыл облысында 500-ден аса омарташы айналысуда. Соның бірі – Есен Абдулғазиев. Оның қосалқы шаруашылығында 20 ара ұясы бар. Жаз айларында арнайы көлікпен омарталарды Қаратау мен Алатау бөктеріндегі егіс алқаптарына апарып, араның бал шырынын жинау үшін жағдайын жасайды. Солармен бірге көшіп-қонады. Әрине, бұл істе оған отбасы мүшелері, жұбайы мен ұлдары көмекші. Ал қыс айларында суыққа ұрындырмай, жылыжайда ұстап, уақытылы қоректендіріп, қыстатып шығады. Өндірген өнімін Тараз қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шығарады. Сауда нүктелеріне шығарып, өткеріп отырады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы