Мәдениет

Дүбірі тауға жаңғырған

Қоғамға жылылық пен мейірім төгіп тұрған құндылық – рухани байлық болса керек. Сол рухани байлыққа үлес қосушы ақын – жазушыларға деген елдің құрметі ерекше. Сондай талантты ақынның бірі, Қазақстанның Құрметті жазушысы , «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікованың 80 жасқа толған торқалы тойы мерейлі Меркі жерінде кеңінен аталып өтті.

Кеш қонақтары әуелі аудандық мәдениет үйінің алдындағы Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Осы жолдардың авторы үкілі домбырамен арнау жырдан шашу шашты. Мұнан соң қонақтар аудандық мәдениет үйінің фоесіне қойылған, Шырын Мамасерікованың өмір жолына арналған «Ақ Шырын, ақын Шырын, ана Шырын» атты кітап көрмесін тамашалады.

Мұнан соң ақынның мерейтойына арналған «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кешке ұласты. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ақынға құттықтау хатын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев оқып берді.

Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, белгілі ақын Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, ақыннан жылы лебізін аямады.

Кеш барысында Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов сөйлеп, Меркі ауылында тұратын Шырын ақынға барлық жылы сөзін арнап, құрметін көрсетті. Кешті танымал ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман жүргізіп отырды. Алматыдан арнайы келген ақындар, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов пен Ғалым Қалибек, Қазақстанның Құрметті жазушылары Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы ағынан жарылып сөз сөйлеп, ақ тілектерін аямай ақтарды.

«AULIEATA-MEDIA» жауапкепшілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ақын Бақытжан Әлімқұлов та жылы лебіздерін арнады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық билер кеңесі төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық «Ғұмырдария» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қамбарбек Иманалиев, Меркі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Бексейіт Жылысбаев та жылы лебіз білдірді. Аяулы ақын қызды шын көңілден құттықтап келген әпке-сіңлілері де аз болмады.

Көпшілік алдында облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, белгілі тележурналист Ботагөз Исмайл, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы, облыстық мәслихат депутаты Жанат Бастаубаева, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали ақ тілектерін аямады.

Кеш барысында Шырын Мамасерікованың әсерлі өлеңдері оқылды. Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған әндерді әнші, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова, «Гауһартас» тобы, «Меркі әуендері» ансамблінің мүшелері орындады. Кеш соңын ақын Шырын Мамасерікова қорытындылады.

Шырын Бөкейқызы жайлы Мұзафар Әлімбаев, Ақұштап Бақтыгереева өте жоғары баға берген. Шырын ақын жырлары қазақ еліне әлі де қызмет етеді. Бұл кеште зал халыққа лық толды. Елдің ақынға деген шексіз ықыласын көрдік. Тележурналист Ғазиза Рүстемова, ақын Нұржан Әліш, Меркі аудандық аналар алқасының төрайымы Қайнаркүл Тәттіқұлова ақ тілегін ақтарды.

Кеш соңы «Меркі әуендері» ансамблі мүшелерінің орындауында Шырын Бөкейқызының сөзіне жазылған «Жерұйығым – Меркім» әнімен аяқталды. Зал толы жұрт орнынан тік тұрып құрмет көрсетті. Меркінің таулары мен бауларын, тамаша табиғатын, Отанын, елін жырлаған ғажайып ақын кеші әсерге толы болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы