Кітап – жалпыға ортақ қазына
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының басқа кітапханалардан ерекшелігі, кітапхана қорында 4 форматтағы кітаптар сақталады. Олар бедерлі-нүктелі шрифттағы әдебиеттер, жайпақ баспалы шрифтағы әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар. Зағиптарға, басқада топ мүгедектері мен қосымша қала тұрғындарына да қызмет көрсетіледі.
Кітапхана мәдени мекеме ретінде инклюзивтік бағытта жұмыс істейді. Аймақта 1 облыстық арнайы кітапхана және аудандық орталықтандырылған кітапханаларда 9 аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімдер ашылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кітапхана: жұмыс форматымен жетістіктері» тақырыбында өткізілген баспасөз конференциясында мәлім болды.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Толқын Күзенованың айтуынша, облыстық арнайы кітапханада 4 бөлім, 1 сектор жұмыс істейді. Кітапхананың штат кестесі бойынша 24 адам жұмысқа қабылданған, барлығы бірліктегі қызметкерлер, сала бойынша 19 кітапхана қызметкері оқырмандарға мәдени кітапханалық библиографиялық қызмет көрсетеді. Оның ішінде жоғары білімді 16, арнаулы орта білімді 3, мүмкіндігі шектеулі 4 қызметкер бар.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ