E-MUSEUM ВЕБ-ПОРТАЛЫ іске қосылады
Әлем жаңа технологияларға негізделген мәдени өнімдер жасап, виртуалды музейлер мен жасанды интеллект көмегімен мұрағаттарды жандандырып келеді. Осы арқылы мәдениет саласында да цифрландыру болашақты айқындайтын басты бағыттардың біріне айналуда. Ұлттық мұраны сақтап, оны әлемдік айналымға шығару мақсатында елімізде E-museum вебпорталы іске қосылмақ. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатында атап өтті.
Бүгінде әлем елдері виртуалды шындық, жасанды интеллект, big data, 3D сканерлеу, цифрлық архивтер, NFT өнері сияқты технологияларды мәдениет саласына кеңінен енгізіп отыр. Мысалы, Google Arts & Culture жобасы аясында әлемнің жетекші музейлері онлайн платформаға жүктеліп, 4K сапада ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде өнер мен мәдениетке шекарасыз қолжетімділікті қалыптастыратынын атап өткен министр жаңа веб-порталдың жұмысымен таныстырды.
Сондай-ақ, Аида Балаева соңғы жылдары мәдениет объектілерін цифрлық форматқа көшіру, автоматтандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты қадамдар жасалып жатқандығына тоқталды. Бұл ретте аталған салаға жауапты министр «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музейқорығының жұмысын мысалға келтірді.
Министрдің сөзінше, бұл үрдісті кезеңкезеңімен барлық тарихи-мәдени мұра объектілеріне енгізу қолға алынбақ. Осылайша мәдениетті цифрландыру алдағы уақытта жекелеген жобалармен емес, ұлттық деңгейдегі бағдарлама ретінде жалғасын таппақ.
Нұрболат АМАНБЕК