Цифрлық құралдарды
Жыл санап елімізге шетелдіктердің келуі артып келеді. Соған сәйкес, еліміздің көші-қон саласында бір жыл ішінде цифрлық форматта 2,4 миллион қызмет көрсетілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, есепті жылы азаматтар мен ұйымдар үшін көші-қон саласында 23 мемлекеттік қызмет, оның ішінде 13-і онлайн режимде қолжетімді болған. Бүгінде азаматтарына қағаз түрінде паспорттар мен жеке куәліктер беру, оларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару, Қазақстан Республикасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға уақытша тұруға рұқсат беру, уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН жасау және түзету секілді қызметтерге сұраныс артқан.
Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жоғары білікті IT-мамандары үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру және олардың еліміздің экожүйесіне интеграциялануы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламалары іске қосылғанын атап өтті.
Бірінші бағдарлама тұруға ықтиярхатты толығымен онлайнформатта алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл үшін елімізге өз аяғымен келуі, ЖСН мен электрондық цифрлық қолтаңба алуы және кірісін растауы талап етілетін. Бүгінде бұл процесс толықтай қашықтан жүзеге асырылады.
Өтініш беру astanahub. com және egov.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ЖСН мен ЭЦҚ-ны шетелдік мекемелер арқылы да рәсімдеуге болады, кірісті растау енді талап етілмейді. Бұл шетелдік ІТ-мамандардың кіруін және заңдастыру мәселелерін айтарлықтай жеңілдеткен. Ал, екінші бағдарлама – цифрлық көшпенділерге арналған мамандандырылған виза елімізде өз мамандығы бойынша 1 жыл мерзімде жұмыс істеуге және елде әрі қарай тұруға ыхтиярхат алуға мүмкіндік береді. Ол онлайн рәсімделеді және ел аумағында алғаш рет цифрлық көшпенділердің еңбек қызметін заңдастырып отыр.
Бүгінде бағдарламаға қатысуға 204 өтінім түсіп, алғашқы 2 виза Алжир мен Ботсван азаматтарына берілген. Үкімет отырысы барысында Премьерминистр Олжас Бектенов көші-қон процесстерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Осы орайда Премьер-министр Еңбек және цифрлық даму министрліктеріне биылғы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК.