Геопорталда 20 мемлекеттік қызмет қолжетімді
Өңірде мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған геоақпараттық жүйе яғни арнайы геопортал өз жұмысын жалғастырып келеді. Аталған жүйе Ауыл шаруашылығы министрлігі, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен 2019 жылғы бірыңғай талаптарға сәйкес әзірленіп, іске қосылған болатын.
Қазіргі таңда геопорталда тұрғындар үшін ашық картаға 124 қабат және қызмет бабында пайдалану үшін электрондық жабық картаға 700-ден астам картографиялық қабаттар енгізілген. Геопорталдың негізгі мүмкіндіктері мен жетістіктері ретінде бірқатар бастамалардың сәтті іске асқандығын атап өтуге болады. Мәселен, бұған дейін геопортал арқылы 260-тан астам отбасы баспаналы болғандығын жазған болатынбыз. Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұровтың сөзінше, бүгінде ақпараттық жүйе арқылы мыңнан астам өтініш қаралған.
Басқарма басшысының сөзінше, геопорталдың қызмет көрсету аясын кеңейту бағытында көптеген жаңашыл жобалар іске асуда. Мәселен, портал арқылы тұрғындар өз сайлау учаскесін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анықтай алады. Ал қалдықтарды басқару бойынша енгізілген «Қатты тұрмыстық қалдықтардың мониторингі» қабаты және «Telegram» арқылы жұмыс істейтін «Taraz_TBObot» пилоттық жобасы қоршаған ортаны бақылауда цифрлық әдістердің мол мүмкіндігін көрсетеді. Сонымен қатар «Smart mine» жобасы арқылы 164 жер қойнауын пайдаланушы есептерін геопортал арқылы тапсырған. 2023 жылы геопортал алаңында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулі де іске қосылды. Бұл модуль арқылы табиғи монополия субъектілерінің 6 саласы бойынша 17 қызмет автоматтандырылып, өтінімдер онлайн қабылдануда. Яғни, тұрғындар енді жылу, су, электр желісі секілді қызмет түрлерін бұрынғыдай қағазбастылықпен емес, цифрлық арнамен шешуге мүмкіндік алып отыр.
Ш. Амантұров. Геоақпараттық жүйе арқылы жер қатынастары, қала құрылысы, коммуналдық қызметтер, жастар бағдарламалары, экологиялық бақылау мен өнеркәсіптік мониторинг біріктірілген. Геопортал бүгінде тек облыс әкімдігінің немесе салалық басқармалардың емес, тұтас қоғамның цифрлық мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі бастама екендігін дәлелдеп келеді.
Нұрболат АМАНБЕК.