Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер назарға алынды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Шу ауданына барды. Аймақ басшысы жұмыс сапарын алдымен жергілікті жұртшылықтың талап-тілегін тыңдаудан бастады.
Жиында аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.
Шу ауданында өзекті мәселелердің қатарында табиғи газ мәселесі де бар. Бүгінде ауданда 35 елді мекеннің 19-ы табиғи газбен қамтылған. Аудан әкімінің сөзінше, газдандырылмаған 16 елді мекеннің мәселесі өз шешімін күтуде.
Жиында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Түйткілді түйіндер тарқатылған кездесуде республикалық маңызы бар «Шу–Қайнар» автожолдарын күрделі жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын автожолдың жөндеу жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Алайда биыл аталған қаражаттың 1,8 миллиарды бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, жобаны аяқтау мерзімі 2028 жылға белгіленген.
Аймақ басшысы құрылыс жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алу қажеттігін тілге тиек етіп, бұл бағытта тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйлерді жаңғырту мәселесіне баса мән берді. Айта кетейік, бүгінде ауданда 156 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның 118-і кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Кездесуде Шу ауданының барлық саласында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға бірқатар бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
Сондай-ақ аймақ басшысы азық-түлік қауіпсіздігі, жанар-жағармай мен сұйытылған газ тапшылығына жол бермеу үшін кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, көтерілген мәселелер нақты әрі тиімді шешімін табуы қажеттігін айтты.
Нұрболат АМАНБЕК