Әлеумет

Камера. Кілемше. Шырағдан

Өткен күннен сыр шертетін көне заттардың әрбірі құнды. Ол заттар құнды болғандықтан музейлерде сақталады. Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі де осындай жәдігерлерге бай. Мұнда жәдігерлердің үш жарым мың қоры сақталып келеді. Біз бүгін солардың бірқатарына тоқталғанды жөн санадық.

Мәселен, үлкен форматты камера 1962 жылы жасалған. Яғни, 63 жылдық тарихы бар. Харьков фото зауытында өндірілген бұл затты 1987-1995 жылдары Сарыкемер ауылының тұрғыны Мәселбек Құлжанбеков пайдаланған. 1996 жылы Мәселбек Құлжанбеков бұл үлкен форматтағы камераны аудандық мұражайға табыстапты. Шамасы оның тарихи мәні бар зат екенін түсінген болуы керек. Кеңес одағы кезеңінде сыйлыққа кітап беру үлкен үрдіске айналған ғой.

Сәл кейінірек адамның бейнесін салып тоқылған кілемшелер сыйға беріле бастапты. Екі рет Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың бейнесі бейнеленген кілемшені Мойынқұм аудандық партия комитеті Байзақ ауданының 50 жылдығына орай Байзақ аудандық партия комитетіне табыс еткен.

Бұл шамамен 1978 жылдарға келеді. Яғни, бұл жәдігердің де жасалғанына 46 жыл толып отыр. Сол уақытпен өлшегенде мұндай кілемше сыйлау ең бағалы сыйлық саналған. Әйтпесе, үлкен ауданның жарты ғасырлық торқалы тойына басқа да тартулар жасауға болатын еді. Сондықтан байзақтықтар үшін бұл кілемшенің маңызы бөлек, қастерлі дүние. Мәселен, шырағдан күйдірілген қыштан жасалған. Домалақ пішінді.

Мұражайға Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрбол Абдалиев табыстапты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы