Мәдениет

Майдангер ерлігі мәңгі есте

Соғыс және еңбек ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, қаламгер Сырайыл Керімбаевты еске алу мақсатында «Даңқ» залының ұйымдастыруымен облыстық Полиция департаментінің жас мамандарына экскурсия ұйымдастырылды.

Сырайыл Мырзахметұлы Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері. Отставкадағы подполковник, журналист, жазушы Сырайыл Керімбаев 1921 жылы 1 тамызда Т.Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой), Қарақыстақ (бұрынғы Қазақ) ауылында дүниеге келген. Небәрі бір жасында анасы өмірден озған ол әжесі Бегімбаланың тәрбиесінде өскен.

1939 жылы Меркі ауданындағы Калинин атындағы 10 жылдық орта мектепті тәмамдаған соң 1940-1941 жылдары Меркі аудандық «Сталин жолы», Луговой аудандық «Социалистік еңбек» газеттерінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы қызметтерін атқарады.

Аудандық газетте еңбек еткен жылдары өзіне жүктелген жұмысты үлкен жауапкершілікпен, тиянақтылықпен атқарып, жақсы жағынан танылады. Сөйтіп, журналистика әлемінде қаламы қалыптасып келе жатқанда Ұлы Отан соғысы басталып, әскер қатарына шақырылады.

1941 жылы қараша айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Сталинград шайқасына қатысты, танкіге қарсы қолданылатын зеңбіректің командирі ретінде 4-Украина, 3-Белорусь, 2-Балтық майдандары құрамында соғысып, көптеген қалалар мен елді мекендерді жаудан босатқан. Ол майданда 482-ші танкіні жоятын артиллерия полкінде 76 миллиметрлік зеңбіректің командирі болып шайқасады, Ростов қаласын, Қырымды, Белоруссияны, Латвия, Литва, Эстонияны фашистерден азат етуде және жау бекінісі Кенитсберг қаласын алу соғыстарына қатысады.

Сырайыл Керімбаев 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке. Ол 2016 жылы 95 жасында өмірден өткен.

 

Aq jol-Aqparat.