Әлеумет

Жаужүрек батырлар жанымызда жүр

Өрт деген сөзді естіген кезде адамның бей-жай қарап қалмайтыны белгілі. Қазақ халқы оны жолындағыны жайпап кететіндіктен «тілсіз жауға» теңеген. Айтпай келетін төтенше жағдайдың алдын алуда асқан шеберлікпен өрт жалынын ауыздықтай білетін өрт сөндірушілер, нағыз бүгінгі күннің батырлары өз арамызда. Олармен тілдесіп, өрт жайында немесе қауіптілігі жайлы сұрағанда «ол біздің жұмысымыз ғой» деп қысқа ғана жауап береді. Мақтан сүймейтін, елдің тыныштығы үшін күресіп жүрген қарапайым өрт сөндірушілер жайында халыққа паш еткенді жөн көрдік.

Ұлы Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсетіп, батыр атанған жаужүрек тұлғалар арамызда.

Елгезек Елжан – елдің ұлы

2012 жылы желтоқсан айында Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында арты дауылға ұласқан алапат жел болды. Қарлы боран секундына 50 метр жылдамдықпен соққан кезде көшеде адам түгілі көліктер де жүре алмай қалған кез еді. Сол күні кезекшілікте болған қызметкерлердің жұмыс телефонына бір тыным болмады. Өйткені қаладағы тіршілік көзі тоқтаған болатын. Электр бағандарындағы тоқтың сымдары үзіліп, газ қатып, су тоқтап қалған еді. Талдар құлап, көшедегі көліктерді басып, үйлердің шатырлары ұшып жатты. Қарлы бораннан адасып кеткендерден бірінен соң бірі хабар толассыз үзілмеді.

Осы кезде қарауыл бастығы Елжан Ережепов оқиға орнынан табылды. Бірін құтқарып кеп жатса, екінші жақтан тағы да шақыртулар орын алуда. Мұндайда сасатын Елжан емес. Дәл осы уақытта желдің күшімен көпірдің үстінен «УАЗ» полиция автокөлігі теміржолдың үстіне құлап кеткендігі туралы хабар келді. Елжан бастаған топ қызметкерлерді автокөліктен шығарып, қарлы бораннан құтқарды. Артынша алып ағаш 6 автокөлікті басып қалғандығы туралы ақпарат кеп түседі. Абырой болғанда жаншылып қалған көліктерден адамдарды аман-есен сыртқа алып шығады. Желдің күштілігі сондай, тіпті үлкен талдардың өзін тамырымен қопарып тастаған. Бұл көліктерден кішкентай балаларды да алып шыққан.

Елжан Толыбайұлы 1988 жылы Тараз қаласында 12 шілдеде дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2006-2010 жылдары Көкшетау техникалық институтында білім алып, өрт қауіпсіздігінің инжинері мамандығын алып шығады.

Бүгінде қаламыздағы №1мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы. Азаматтық қорғау подполковнигі. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Авариялық құтқару жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталған. Елжанның елеуге тұрарлық тағы бір ерлігі бар.

Жанын бәйгеге тігіп, жалынмен арпалысқан

Қауіпті мамандықты жанына серік еткен маманның бірі – Асхат Тоғызбаев. Ол 1983 жылы 20 маусымда Тараз қаласында дүниеге келген. 2000-2004 жылдары Төтенше жағдайлар агенттігінің Көкшетау техникалық институтында білім алып, өрт қауіпсіздігі инженері мамандығын алып шығады. 2004- 2014 жылдары Жаңатас қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің, Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері лауазымын атқарады. 2015-2018 жылдары Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы  Өрт сөндіру байланыс пунктінің бастығы қызметін атқарады. 2019 жылдан бастап Кезекші өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары қызметін атқарады. Азаматтық қорғау подполковнигі. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «ҚР Полициясына 25 жыл» «Өртке қарсы қызметке 100 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.

2014 жылы жаз айында Өрт сөндіру бөлімінің орталық пунктіне Қаратау мөлтек ауданында №37 үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түседі. Хабар алысымен Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші ауысымның қарауыл бастығы, өртке қарсы қызмет капитаны Асхат Тоғызбаевтың басшылығымен бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев, өрт сөндірушілер Бауыржан Мұханов, Арман Отарбаев, Мұхамеджан Құлдыбаев, Серік Күнбасов жолға шығады.Қарауыл бастығы Асхат Тоғызбаев дауыстарында үрей басым болып хабарласып жатқан тұрғындардың жанайқайларын ескеріп, бара жатқан жолда өрт сөндірушілерге тездетіп газ түтіннен қорғайтын аппараттарына қосылуларына бұйрық береді. Онысы барған кезде дереу іске кірісіп кетуге дайындық болатын. Олар оқиға орнына келген кезде көпқабатты жатақхананың бірінші қабатында жиналған тұрмыстық заттардың отқа оранып жатқанын және жоғарғы қабаттан секіреміз деп тұрған адамдарды байқайды.

Көп ұзамай аталмыш өрт оқиғасы бойынша өртке қатысқандар басшылық тарапынан алғыс алыпты. Кейін анықталғандай, өрттің шығу себебі тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарағандығынан болған екен. Жылдың қай мезгілінде болсын төтенше оқиғалар жиі орын алып тұрады.

2022 жылдың 30 желтоқсанында өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне Жамбыл ауданы Жалпақ төбе ауылында қонақ үй жанында үлкен өрт болып жатқаны жөнінде хабар түседі. Сөйтіп олар жолға шығады. Жаңа жылдың қарсаңындағы қатты аяз бет қаратар емес. Оған боран қосылып, сол күнгі суық ерекше болып тұрды. Оқиға орнына келген кезде аумағы 500 шаршы метр болатын қоршаудың бір бұрышында төбесі жабылған шөп қораның ішінде шамамен 10 мың түп шөптің өртке оранып жатқанын көреді.

Бұларға дейін аудандық өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылы шамалары келгенше өртті сөндіріп жатыр екен. Жақын тұрған қонақ үйдің ғимаратына өрттің өтіп кету қаупі бар еді. Осы кезде тапсырма алған Асхат Тоғызбаев газ түтіннен қорғау аппаратына қосылып, жанында тұрған қонақ үйі орналасқан ғимараттың шатырына көтеріліп, тұтас және шашыраңқы тәсілімен оқпаннан су жібере бастайды. Олардың негізгі мақсаты – өрт жалынын ғимаратқа өткізбеу болатын. Асхаттың қарамағында өрт сөндірушілер командасы өрттің бетін қайтару үшін бар күштерін салып бет қаратпас жалынға қарсы тұра білді. Асхат Тоғызбаевтың бөлімшесі сағат кешкі 21:00 шамасында шатырға шыққаннан қызыл жалынмен алысып, таңғы сағат 6:00 шамасында ауыздықтап, жерге бір-ақ түседі. Үстеріндегі әбден суға малынған арнайы киімдері ызғарлы аяздың әсерінен мұзға айналған. Соған қарамастан өздеріне жүктелген тапсырманы орындағаны жөнінде өрт сөндіру басшысына баяндапты.

Иә, Асхат Тоғызбаев жұмысына тыңғылықты маман. Оның көрсеткен ерліктер әріптестерінің көз алдында. Өрт сөндіруші оны өз міндеті деп есептейді. Сондықтан өз жандарын бәйгеге тіккен Асхат сында хас батырларымыздың еңбектерін бағалап жүрейік!

Өрт пен өмір арасында

2021 жылы 26 тамызда «101» байланыс желісіне Байзақ ауданы, Қайнар ауылы №28349 әскери бөлімінде өрт болып жатыр деген хабар түседі. Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Шынболат Әзімбаев бастаған топ жолға шығады. Оқиға орнына келгенде әскери бөлім аумағында оқ дәрілер сақталған қойманың өртеніп жатқанын көреді. Маңайында әскери бөлімнің өрт сөндіру көліктері мен өрт сөндірушілер жүгіріп жүр екен. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар тез арада өртті сөндіруге кіріседі.

Шынболат Әзімбаев – 1989 жылы Байзақ ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 2007 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Бүгінде Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы.

II,III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 2023 жылы 26 сәуірде бөлімнің байланыс пунктіне Сарыкемер ауылы, Суханбаев көшесі №157 мекенжайда тұрғын үйдің және жапсарлас салынған қора жайлардың, мая шөптердің жанып жатқандығы жайлы хабарлама түседі. Жедел түрде аталған мекенжайға Шынболат тобымен шығады. Оқиға орнына келсе, тұрғын үйдің шатыры және қора жайлар өртеніп жатыр екен. Ойланып тұруға уақыт жоқ, Шынболат дереу өртке оранып жатқан үйге кіріп кетеді. Түтіннің арасынан екі баланы тауып алады. Балаларды көтеріп алып, қауіпсіз жерге шығарады.

Өрт көлемі үлкен болғандықтан, гарнизон бойынша екінші шақырту жариялайды. Көп ұзамай қосымша күштер мен құралдар жетеді. Үйдегі өртті жылдам тоқтатқанмен, маяланған шөпті сөндіру ұзақ уақыт алады. Жиналған шөптің үстін өшіргенмен, асты бықсып жана беріпті. Осылайша Шынболат бастаған өрт сөндірушілердің тынымсыз еңбегінің арқасында өрт ауыздықталыпты.

Еліміздің тұрғындары мен азаматтарын жұмыс бабында жүріп те, жұмыстан тыс уақытта да апатты жағдайлардан құтқарып қалған ұландар аман болсын. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін арашалап қалу – үлкен ерлік.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА