Жаңалықтар

Альтаир – бұл жай ғана балабақша емес

Шу ауданы Төле би ауылында 150 балаға арналған, заманауи талаптарға сай жабдықталған «Альтаир» жекеменшік балабақшасы салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, ал балалар үшін өмірге деген сенімді алғашқы қадам.

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Ержан Өмірәлиев, Amanat партиясының төрағасы Болатхан Кемелбайұлы, зиялы қауым өкілдері және ата-аналар қатысты. Балабақшаның негізгі құрылтайшысы – ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкер Дәнебек Бегімбаев. Ол осы жобасы арқылы өңірдің әлеуметтік дамуына, балалардың сапалы тәрбиесіне және ата-аналардың алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік туғызды.

Балабақша білімді де тәжірибелі тәрбиешілермен, заманауи оқу құралжабдықтарымен толық қамтылған. Мұнда әр бала үшін қауіпсіздік пен жайлы орта – басты назарда. Балаларға күн сайын ыстық, пайдалы және құнарлы 5 мезгіл тағам ұсынылады. «Альтаир» бөбекжай-бақшасында балаларға арналған мүмкіндіктер мол.

Логопед, дефектолог, психологпен жеке және топтық сабақтар жұмыс істеп, балалар ағылшын тілі, музыка мен хореография, РОБОӘЛЕМІ, Монтессори технологиясы арқылы шығармашылық және интеллект дамыту, мектепке даярлық, таза ауадағы ойын алаңы мен гимнастика, тұзды шахта, оттегі коктейлі, биоптронмен жарық терапиясы, каратэ спорты бойынша жаттығулар жасайды.

Альтаир – бұл жай ғана балабақша емес, бұл – әр баланың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағына ашылған есік. Балаға берілген бірінші тәрбие – ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады. Осындай құндылықтармен сусындаған ортаның берері мол.

 

Aq jol-Aqparat.