Әлеумет

Отан қорғау өмірлік ұстанымына айналған жауынгер

Тұрмыстың тауқыметіне арқа тосып, еңбекке ерте араласқан сержант Шахрухқожа Абдуразаков өзге балалар ойын алаңында уақыт өткізіп жүргенде, жүгері теріп, ата-анасына қолғабыс, бауырларына қамқоршы болды. Ал Отан алдындағы борышын өтеу оның өмірін түбегейлі өзгертті. Ұлттық ұлан сапына қосылған ол қазір әскери бөлімде 2-атқыштар ротасы 4-взвод 2-бөлімшесінің командирі қызметін атқарып жүр. Болашақта арнайы жасақ қатарында қызмет етуді мақсат тұтқан жігіттің жоспары көп.

Кейіпкеріміз мектепте білім ала жүріп, бұғанасы қатқан сәттен бастап егіс алқабында жұмыс істейді. Сондай күндердің бірінде оның қолына әскерге шақыру қағазы тиеді. Көпке созбай әскери комиссариатқа барады. Бірақ әскерге алынуға әлі жасы жетпеген. Бірнеше күн ерте шақырып қойған, амал жоқ, кері қайтады. Әскерге барамын деп бел буған жас жігіттің екінші талпынысы да сәтсіз аяқталады.

Тек үшінші мәрте келгенде ғана жолы болып, Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің 3-ротасына қосылады.

Осылайша, «әскерге аттанып, елді қорғаймын» деген бала арманы орындалған ол:

Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Қызмет барысында ерлік әрекеттерімен де көзге түскен жауынгер уақыт өте өз ісіне мұқият, шаруаға тиянақты қарайтын маман болып қалыптаса бастады.

Сапқа тұрып, сарбаз атанған соң 5514 әскери бөлімінде спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Оның әскери бөлімдегі спорттық жарыстарда топ жарған кездері көп. Спорттағы жетістіктері көбейе бастады.

Бүгінде оның өзі ғана емес, отбасы мүшелерінің де арманы орындалып, әркім өзі қалаған салада жұмыс істеп жатыр. Ағасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, алыс-жақын күндері шетелге шығу үшін визасын күтіп жүр. Ал ізінен ерген інісі медициналық колледжде білім алып келеді. Өзі де болашақта арнайы жасақ қатарына қосылуды мақсат еткендіктен, дайындығын шыңдап, жоспарының жүзеге асуын тағатсыздана күтуде.

 

Есен ӨТЕУЛІ