Әскердің әлеуеті – білікті маман
Бүгінгі таңда елімізде әскери кадрларды даярлау деңгейі қандай? Бұл сұрақтың жауабы – әскерлердің жауынгерлік дайындығына қатысты міндеттердің қай деңгейде екенін көрсетері сөзсіз. Себебі әскердің әлеуетін айқындайтын бірден-бір фактор – кәсіби маманның білімі мен біліктілігі.
Қарудың тілін білу де – қабілет
Рас, бұл күнде біздің елде заман талабына сай әскери білім беру жүйесі құрылған. Ал бүгінгі әңгімеміз 6654 әскери бөлімнің әскери маман даярлау қызметі жайында болмақ. Ол үшін біз осы бөлімдегі түрлі қызметтің тұтқасын ұстаған офицерлерді әңгімеге тарттық. Олар көп жылдан бері жас сарбаздарға қару-жарақты меңгеру мен басқа да қызмет барысын үйретіп, тәрбиелеп келеді. Үшінші оқу ротасының, 2-оқу взвод командирі, лейтенант Әділ Тілеукенов – артиллериялық оқ-дәрілерді жөндеу, зарарсыздандыру, оқтау секілді инженерлік жұмыстардың маманы.
Кейіпкеріміз әкесінің әскери қызметіне байланысты еліміздің әртүрлі өңірінде білім алып, ержеткен. Әкесі Талғат Тілеукенов Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Байланыс басқармасы бастығы лауазымын атқарған. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің Байланыс департаменті басшысының орынбасары. Әке жолын қуған Әділ 2018 жылы мектепті бітіріп, Ұлттық ұлан академиясына оқуға түседі. Сол жерде Ресей Федерациясына барып, әскери білімін жетілдіргісі келетін тәлімгерлер қатарына қосылады.
Барлық емтиханнан сәтті өткен жас өрен Пенза қаласында орналасқан әскери институтқа артиллериялық оқ-дәрілер инженері мамандығына оқуға түседі. Ол мұнда арнайы станоктармен жұмыс істеуді үйренді. Артиллерияда қолданылатын оқ-дәрілерді ашыпшашып, қайта құрап індете зерттеді. Ірі калибрлі оқтардың ішкі реакцияларына сараптама жасап, физикалық құрылымын зерделеді. Бүлінген, істен шыққан оқ-дәрілерді жөндеу де оның сабақ барысындағы міндеті еді. Оқ-дәрінің ішіндегі жарылғыш күкірттерді нығыздау, бөлшектерді құрастыра отырып, оқты зарядтау секілді қызық та қиын оқудан өтті.
Қазіргі таңда оқу взводында қару-жарақты жөндеу шеберлерін дайындауға атсалысып жүр. Оған бұл істі толық меңгеруге нұсқаушысы көмектескен. Соның арқасында оған жауынгерлік дайындық бағытында сарбаздарға сабақ беру бақыты бұйырды. Қазір Ұлттық ұланның әртүрлі әскери бөлімдерінде әскер қатарына жақында қосылған сарбаздарға Калашников автоматының қыр-сырын таныстырып жүр.
Бағдарлама бойынша оларға 270 сағат берілген.
Оның айтуынша, әскери бөлімге жылына екі рет мерзімді әскери қызметке тартылған сарбаздар білім алу үшін келеді. Нәтижесінде, бір жылда 80-ге жуық адам қару-жарақ жөндеуді кәсіби тұрғыда үйреніп шығады екен.
Дәлдік пен кәсібилік
Дәл осы әскери бөлімде 4 взводтың аға маманаға нұсқаушысы, аға сержант Ержан Бабажан үш жылдан бері БТР-80 көздеушілерін дайындап келеді. Ол мектепті аяқтай салысымен, 2004 жылы кадет корпусына оқуға түсіп, 2010 жылы 6654 әскери бөлімде әскери бөлімше командирі болып қызметке кіріскен.
2021 жылы оқу батальонының 3-оқу ротасының 4-взводына аға маман-аға нұсқаушы болып тағайындалған. Қазір әскери маман мұнда БТР-80 көздеушілеріне сабақ береді. Қарапайым тілмен айтқанда, сарбаздарға БТР-80 әскери көлігінің ірі калибрлі танкіге арналған Владимиров оқшашарын қалай қолдану керегін үйретеді. Оның көмегімен әскери қызметшілер пулеметтің қалай бөлшектенетінін, онымен қалай нысананы көздеу керегін үйренеді. Сонымен қатар танкіге бейімделген Калашников оқшашарының да қырсырын меңгертіп, тиімді қолданудың әдіс-тәсілін көрсетеді.
Сөзінше, тәлімгерлері пулеметтердің құрылысын, оқшашардан көздеуді және оқ атуды жылдам үйреніп алады. Дегенмен одан бұрын білім іздеп келген әскери қызметшіге ең алдымен қауіпсіздік ережесі оқытылады екен. Содан кейін ғана салалық білім беріледі.
Айта кетейік, көп жағдайда көздеуші маманның рөліне бойы қысқа, бірақ күш-қуаты мол әскери қызметшілер сай келеді. Себебі ұзын бойлы, ірі денелі адам үшін бронетранспортердің ішінде қозғалу қиынға соғады. Ал физикалық күшке мән берілетін себебі – ауыр пулеметтерді көтеріп, жүгіру керек. Әрине, ең бастысы – білім. Онсыз қара күштен қайран жоқ. Өзі қолданатын құралдың бөлшектері мен ерекшеліктерін білмейтін адамның пайдасынан зияны көп. Сосын аты айтып тұрғандай, көздеушінің көзі өткір болғаны абзал. Өйткені алыс-жақындағы нысандарды жою үшін мергендік қажет.
Мұнда өз қалауымен келген мерзімді әскери қызметшілер аз емес. Сарбаздардың сөзіне сүйенсек, мұндағы білім беру деңгейі жаман емес. Дегенмен бізді аға сержант Ержан Бабажановтың білім беруге қалай бет бұрғаны қызықтырды.
Есен ӨТЕУЛІ