Денсаулық

«Сурет салсам – миым демалады»

Дәрігерлер арасында да тек адам емдеп, науқасқа көмек бергеннен басқа болмысы бөлек ерекше жандар бар. Солардың бірі – эндокринология бөлімінің басшысы Әсел Зинулина. Болмысы бөлек дейтініміз, оның жаны бір мезгіл қолына қылқалам мен майлы бояу алып, сурет салғанды қалайды. Оның қолынан шыққан туындылар кәсіби суретшінің жұмысынан кем түспейді. Оның картиналарын «құдды бір хас суретшінің өзі салған ба?» деп ойлап қалуыңыз мүмкін.

Біз бөлімге кіріп барғанда оның қолынан шыққан бірнеше туынды төрде ілініп тұрды. Дәрігер өзінің бұл қырын ұяла-ұяла жеткізді. Кішкентай қызы көркем сурет үйірмесіне қатысады екен. Жұмыстан шаршап барған ол миын тынықтыру үшін сурет салады. Бүгінде бұл әдіс ауыр науқастармен алысып, үйге шаршап барғанда өзін тынықтыруға арналған терапия көрінеді. Кейіпкеріміз әңгіме арасында сурет салғанда шаршағаны басылып, ерекше күйге түсетінін сөз етті.

Әсел Асанқызы 1980 жылы дүниеге келген. Осы салада қызмет атқарып жүргеніне 15 жыл болыпты. Эндокринологиялық бөлімге облыстағы бүкіл елді мекеннен келген науқастар жатқызылады. Оның айтуынша, шынтақ пен қолтық қарая бастаса, тез арада анализ тапсырып, дәрігерлік кеңес алу керек.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА