Жапондық жүйенің жемісін жамбылдықтар да көруде
Мемлекет басшысы Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде де жалғасын тауып, түрлі бағдарламалар іске асырылып келеді. Соның бір дәлелі ретінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасын атап өтуге болады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын бағдарлама ауыл бизнесін қолдауға, бірегей жергілікті тауарлар жасауға және ауыл тұрғындарын нарықта сертификатталған және сұранысқа ие өнім өндіріп, тартуға бағытталған. Аталған жоба ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда бастау алған. Сол кезеңде күншығыс елінің елді мекен тұрғындары немесе белді бір кәсіпкері бәсекеге қабілетті бір өнім жасап, соны ішкі нарыққа шығаратын. Сол арқылы табысқа кенеліп әрі бизнес саласының қырсырына қанығатын.
Осылайша жапондықтар кәсіпкерлікке дағдыланып, халқының әлеуетінің күшеюіне жағдай жасайды. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Ал елімізде аталған жоба 2021 жылдан бастап енгізіліп, 2022 жылдан бері бастамаға Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді.
Соған сәйкес «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында өңірлерде іс-шаралар ұйымдастырып, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген. Жәрмеңке қорытындысы бойынша жұмыс тобы көрменің үздік 10 қатысушысын іріктеп, олардың ішінен үш финалист анықталады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы бірнеше жылдан бері бүкіл өңір бойынша дарынды өндірушілерді анықтауға көмектесіп келеді. Жүз қатысушының басын қосқан өткен жылғы көрме бірегей былғары мен киізден жасалған бұйымдардан бастап, төл тағам өнімдері мен инновациялық биотыңайтқыштарға дейін Жамбыл жерінің әлеуетін айқын көрсетті. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы көрме кәсіпкерлерге ортақ мәселелерді де айқындап беріп отыр.
Бүгінгі таңда Тараз университетімен қол қойылған меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында биыл 28 кәсіпкер қарқынды курс бойынша оқуды аяқтаған. Олар үшін ерекшеліктеріне сәйкес «Текстиль және аяқ киім: бірегей бұйымдар жасау өнері», «Азық-түлік өндірісінің заманауи тәсілдері», «Биокөмір өндіру мен қолданудың озық технологиялары және органикалық өнім өндірісін ұйымдастыру» бағыттарында бағдарламалар әзірленген.
Бағдарламаның негізгі элементі Тараз университетінің зертханаларындағы практикалық сабақтардан тұрады. Кәсіпкерлер заманауи жабдықтарда өз өнімдерінің құрамын талдап, оның қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексеріп, тағамдық құндылығын, материалдардың беріктігі мен тиімділігін анықтай алады. Осылайша, кәсіп бастаушылар іс жүзінде шағын бизнес үшін құны көбінесе қолжетімсіз болатын ғылыми зерттеулерге қол жеткізіп отыр.
Курстың тиімділігінің ең жарқын мысалы ретінде Меркі ауданының кәсіпкері Айткүл Мусилимованың саңырауқұлақ кәсібін атап өтуге болады. Саңырауқұлақ өсірумен айналыса отырып, ол аграршыларға тән мәселелерге тап болған. Яғни, кәсіпкерді шығындарды азайта отырып, өнімділік пен өнім сапасын арттыру мәселесі айналып өтпеген.
Облыстық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше, бүгінде курсты аяқтаған барлық 28 түлек бірлескен стартаптар немесе өндірістік кооперация аясында коммерцияландыру үшін университеттің 350 миллион теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруына, соның ішінде өтінімдер беру үшін ғылыми негіздемеге ие болған.
Осылайша облыста ғылым бизнеске қызмет ететін, ал шағын өндірушілер үлкен және танымал брендтерге айналуға нақты мүмкіндік алатын жаңа экожүйенің негізі қаланып отыр.
Бұл сәтті пилоттық жоба білім, ғылым және кәсіпкерлік синергиясы заманауи өңірлік дамудың ең қуатты драйвері екенін дәлелдейді. Айта кетейік, жылдағы дәстүр бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі биыл 25 шілдеге жоспарланған. Кезекті көрмеге жобаның 80-нен астам қатысушысы қамтылмақ.
Нұрболат АМАНБЕК