«Мен – кәсіпкер» жобасы қалай жұмыс істейді?
Қазіргі таңда табысты кәсіп иесі атану үшін, ең әуелі, ниет пен батылдық қажет. Қалған міндеттерді шешуге жүйеленген мемлекеттік қолдау мен кәсіби кеңесшілер бар. Мәселен, өңірде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының тарапынан жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты да тың жобалар жүзеге асырылуда. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты шараның бірі – кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге арналған «Мен – кәсіпкер» жобасы.
Аталған бастама кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ниетті азаматтарға қаржылай емес негізде кең көлемде қолдау көрсетуді көздейді. Аталған құралды жүзеге асыру міндеті еліміздің облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалалар мен елордада, сондай-ақ аудан орталықтарына барып қызмет көрсететін қаржылай емес қолдау операторына жүктелген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасымен жыл басынан бері кәсіпкерлерге заңдық, қаржылық, техникалық бағыттарда көптеген консультация беріліп, құжаттарды рәсімдеу, рұқсат алу, мемлекеттік сатып алуға қатысу, бизнес-жоспар әзірлеу секілді мәселелер бойынша іс жүзінде тиісті көмек көрсетілген. Әсіресе ауылдық жерлерде грант пен микрокредитке өтінім беру кезінде туындайтын техникалық және құжаттық кедергілер шешімін тауып келеді.
Дегенмен кейбір аудандағы кәсіпкерлер әлі де болса мемлекеттік сатып алуға қатысу механизмдеріне толыққанды қол жеткізе алмай отырғаны жасырын емес. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін облыстық палата алдағы уақытта оқыту курстарын көбейту, құқықтық сүйемелдеу қызметтерін күшейту және шалғай ауылдарға мобильді сервистік қолдау көрсету тетіктерін енгізуді қолға алған.
Айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 106 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерліктің дамуы нәтижесінде өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 1,5 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша шағын және орта бизнес үлесі 25,9 пайызды, ал жалпы қосылған құн көлемі 837 миллион теңгені құраған.
Нұрболат АМАНБЕК.