Аймақ

Ғылым бизнеске қызмет етеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің өңірлік бизнес өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Оған Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Естеріңізде болса, елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2021 жылдан бастап биылғы жылдың желтоқсан айына дейін жалғасатын «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы іске асырылып жатқандығы белгілі. Жиын барысында атаулы жобаның бүгінгі аяқ алысы жанжақты сөз болды.

Осы орайда сөз тізгінін бірінші болып алған спикер, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдықадыров жергілікті кәсіпкерлерді ғылыми негізде қолдау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен екіжақты келісім меморандумы жасалғандығын, соның нәтижесінде биылғы жылдың 16 маусымы мен 27 маусымы күндері аралығында жергілікті 28 кәсіпкердің жеделдетілген курс бойынша оқытылғанын атап көрсетті.

Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі орынбасары Сейтжан Орынбаев Ұлттық палатамен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы университетте ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі 4,965 миллиард теңгені құрап, оған 64 ғылыми-зерттеу жобасы жұмылдырылғандығын, ал 2025 жылы аталған оқу орнының 78 жас ғалымының «Жас ғалым» гранттық жобалар конкурсында 2025-2027 жылдарға арналған жобалар бойынша жеңімпаз атанып, жалпы сомасы 206,78 миллион теңгеге қаржыландырылғандығын тілге тиек етті.

Осыларды айта келе, Сейтжан Әуесжанұлы алдағы күндері жүзеге асырылуы тиіс жоспарларды да жария ете кетуді ұмытпады.

 

Талғат ТАЛАПҰЛЫ