Әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған
Астана қаласында жуырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Бұл – елдегі кәсіподақ қозғалысының ең жоғары органы. Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар, салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, халықаралық сарапшылар мен әлемнің қырыққа жуық елінен келген ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты.
Съезд жұмысы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған арнайы пошта маркасын айналымға енгізу салтанатымен басталды. Бұл марка кәсіподақ көшбасшыларының әлеуметтік қарым-қатынасты дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға қосқан үлесі мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді.
Жиынды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ашып, бұл сәттің тарихи маңызына тоқталды.
Съезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице министрі Асқарбек Ертаев кәсіподақтардың азаматтық қоғам мен әлеуметтік әріптестіктің маңызды институты ретінде алатын орнын атап өтті.
Сонымен қатар Асқарбек Ертаев 2025 жылдың елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялануының маңыздылығына және саладағы әлеуметтік қарым-қатынасты одан әрі дамыту мен еңбек қатынастарын жаңғыртудың маңыздылығына да тоқталған болатын. Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің соңғы бес жылдағы қызметінің есебі.
Есепті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жасады. Баяндамашы кәсіподақ қозғалысының ел ішіндегі басты жетістіктері, туындаған қиындықтар мен алдағы мақсаттар туралы тарата айтып берді.
Сондай-ақ Сатыбалды Дәулеталин халықаралық бағыттағы жұмыстар жайында айта келе, бірқатар маңызды жетістіктерге тоқталды.
Сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл интеграциялық құрылымдардың алаңдары Қазақстанның халықаралық кәсіподақтар қозғалысындағы беделін арттырып, елді ықпалды әріптес ретінде танытуға жол ашты. Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі–еңбек дауларының алдын алу.
Съезд жұмысы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің есебіндегі негізгі бағыттарды талқылаумен жалғасты. Пікірталасқа қатысушылар Федерация жұмысының тиімділігін ресми түрде мойындауды ұсынды. Алдымен «Қорғау» көмір өндірушілер салалық кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев Қарағанды облысындағы көмір саласы қызметкерлерінің атынан сөйлеп, Федерацияның заңнамалық саладағы жетістіктеріне тоқталды. Ал өз сөзінде Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерлан Мағзымбеков кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету ісінің маңызын атап өтті.
Айта кету керек, аталған съезге Жамбыл облысынан білім, мәдениет, денсаулық сақтау, химия саласы және энергетика салаларынан барлығы 11 делегат сайланған болатын. Сонымен съезд күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасын сайлау болды.
Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттар бірауыздан Сатыбалды Дәулеталинді тағы бір мерзімге сайлап, еліміздегі ең ірі кәсіподақ ұйымына деген жоғары сенімін білдірді. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша делегаттар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясын – «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты құжатты қабылдап, кәсіподақ қозғалысын дамытудың басым бағыттарын айқындаған қорытынды Қарарды бекітті.
Құжатта Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларға қолдау білдірілді. Съезд аясында жаңартылған Бас кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Бахтияр ҚАРАУЛОВ,
«Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы.
Тараз-Астана