Қарыз беру де, алу да қаржылық мәселеңізді шешпейді
Досына үш миллион несие әперіп бүгінде өзі төлеп жүрген жанды да көріп жүрміз. Қайын енесі киім-кешек, аяқ киім алғызып каспи редке отырғызып қойған адамдар да бар. Осының бәрі ойланып қарасаңыз, қаржылық сауаттың жоқтығынан. Ешқашан туысың мен бауырыңа, керек десе ата-анаңа өз атыңнан несие әпермеңіз. Себебі берешекті өзің төлеп, арада салқындық орнайды.
Осындай кейіпкердің бірі – Жания Тымбаева. Ол бір емес, екі мәрте біреуге несие әперген. Ең алғашқы рет әріптес құрбысы магистратураның яғни оқудың ақшасын төлей алмай жатқандығын айтып, бұған 550 мың әперуді өтінген. Бұл досы болғандықтан қиналғанда көмектесейін деп екінші деңгейлі банктен онлайн несие рәсімдеген.
Бірінші айды жақсы төлеп, екінші айынан бастап досы несиені кешіктіріп төлеп жүрген. Қарыздың ауыртпашылығынан қорыққан бұл кезекті еңбек демалысындағы ақшамен несиені түгел жапқан. Ал дос қызы сол күйі қалған ақшаны бермеген. Жұмысында күнде көріп жүргендіктен екеуі әлі де араласады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» десек те, Жания інісіне тағы алданды.
Өзгені емес, өзіңді жарылқайтын заманда жып-жылы қарым-қатынасты бұзбау үшін бір рет «жоқ» деп айту ең дұрысы екен. Өйткені кредит жанұя жылулығын бұзып бітті. Бауырыңа әперген қарызын даулап жүргендер бар. Немесе іштей «ұят болады» деп үндемей, алайда туғанымен араласпай кеткендер қаншама. Сондықтан бір рет қана жаманатты болып, досқа, бауырға, туысқа несие әпермеген жөн. Мұны қаржы маманы Гүлмира Қарасайқызы да растап отыр. Тіпті психологтар да «араны ақша бұзбасын» деген принципті ұстану керектігін айтады. Әрине ешкім кредитті жетіскеннен алмайды. Қазақ қайбір жетіскеннен қарызға кіріп жүр дейсің?
Бүгінгі қайыршы тірлігінің бетін бүркемелеу үшін, өзін әйтеуір бір кәсіппен алдап, нан табу үшін, бала-шағаны жерге қаратпауы үшін, екі бетін шарық қылып қарыз алып, оны қарызбен жауып жүр. Кейбіреулер өзгеге несие әперерде қолхат жаздырып алады. Бүгінде бұл қолхаттың да кәдеге жарап тұрғаны шамалы. Егер арнайы нотариусқа барып, заңды түрде қолхат жазылса бұл іске жарамды. Яғни заңды. Ал жай ғана ақ параққа жаздырып алған мөрсіз қолхат заңды түрде қаралмайды. Несие алдырушы адамның «қарызды өзім төлеймін» деп жазып берген қолхатының заңды күші бұл жерде жарамайды. Адамдар біреуге қарыз алдырып не себепті төлемей кететінін психолог Әлия Әзберген түсіндіруге тырысты.
Ал енді бұған заң не дейді? Республикаға танымал заңгер Гүлмира Қарасай бұл салада өте тәжірибелі маман.
Қарыз деген сөздің өзі жаман естіледі. Ата-ана алдындағы қарыз дегенді біз парызға балаушы едік. Ал бұл сөз бүгінде банкке, адамға қарыз деген мағынада өрбуде. Қорыта айтқанда, қарыз деген қызығатын нәрсе емес.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.