Саңырауқұлақтан түсетін табыс мол
Кәсіптің көзін тапқанға келер табыс толайым, тек өз ісін сүйіп атқарса және халыққа пайдасы бар бағытты таңдаса. Адам денсаулығына тигізер көмегі көп әрі сүйкімді тағам болар саңырауқұлақ өсіруді кәсіп еткен Айткүл Мүсілімованың көздегені жеке табыс ғана емес, ел-жұртының игілігіне қызмет ету. Ол жеке кәсібін жүргізе отырып, ел экономикасына үлес қосумен қатар, азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де өзіндік еңбегін сіңіргісі келеді.
Саңырауқұлақ–дәмінің ерекшелігімен көп адамның сүйікті тағамы. Оның құрамы А дәрумені, фосфор, никотин, калий тұздары және адам ағзасына қажетті басқа да заттарға бай. Саңырауқұлақтарды көп жейтіндердің ағзасы вирустарға қарсы тұруға қабілетті келіп, тырнақтары қатты, терісі нәзікте серпінді және шаштары жібектей болады. Алайда саңырауқұлақтың түрін дұрыс таңдамаса, қауіптісі де кездеседі. Сондықтан кәсіпкер Айткүл Қуандыққызы адамға пайдалы әрі дәмді саңырауқұлақ түрін баптап өсіруді қолға алған.
Ол жеке кәсіпкерлігін ауыл экономикасын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ашқан. Игілігін көрген бағдарламамен алған қаражатқа саңырауқұлақ фермасына өте қажетті субстратты дезинфекциялауға арналған афтоклап, ауа айналдырғыш вентилятор және бірнеше кәсіпке керекті заттар сатып алған.
Айткүл Қуандыққызының айтуынша, саңырауқұлақ бизнесі – берекелі іс. Себебі ол өнімділігімен тез арада табыс әкеледі. Байтақ дала – еліміздің басына біткен бағы. Сол мүмкіндікті пайдалана отырып, әсіресе, ауыл тұрғындары Жер Ананың бабын тапса, табысқа кенелмек. Еңбегі ерен, таңдаған кәсібі ерек кәсіпкердің көздегені көп.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Меркі ауданы