Қордайда кәсіп ашуға ниетті жастар көп
Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл санап жақсарып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда барлық салада оң динамика байқалады. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың айтуынша, ауданда өткен бес айда өнеркәсіп өнімі 11,3 миллиард теңгені құрап, индекс көлемі 123,1 пайызға орындаған. Ал ауданға тартылған инвестиция 12,3 миллиард теңгеге жетіп отыр.
Бұдан бөлек құрылыс саласында атқарылған жұмыс көлемі 11,5 миллиард теңгені құраса, осы мерзімде пайдалануға берілген тұрғын үйлер 22 мың шаршы метрді құраған. Ауданның негізгі тірегі бұл – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік сала. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында шығарылған өнім 9,9 миллиард теңгені құрап, индекс көлемі 85,9 пайызға орындалса, бөлшек сауда айналымының көлемі 18 миллиардқа жетіп отыр. Ал қаңтар-мамыр айларының қорытындысымен кірістер 3,1 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, меншікті кірістер 2,2 миллиард теңгеге орындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз таза ауыз сумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 8,6 миллиард теңге бөлініп, 10 елді мекенде таза ауыз су желілерінің құрылыстары аяқталған. Бүгінгі күні Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды мен Бәйтерек ауылдарының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отырған жоқ.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні 4 елді мекенде атап айтқанда, Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға, Гвардейск ауылдарында су құбырының құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 10 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін келісімшарттар жасалған. Ол елді мекендер қатарында Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс, Күнбатыс-1 ауылдары бар.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қордай ауданында ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 12 жоба қолға алынған. Жоба аясында Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде.
Сонымен бірге Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсететін емхана салынуда. Сондай-ақ жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда осыдан алты жыл бұрын басталып кеткен «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз нәтижесін, жемісін беріп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде қанатқақты жоба ретінде басталып, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде жалғасын тапқан. Қазіргі таңда аудан бойынша 3,1 миллиард теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алынған. Төрт өндірістік кооператив 25 техника мен ауыл шаруашылығы тіркемелерін алып отыр. Ал осындағы 690 тұрғын жеке кәсібін ашып, жүргізуде.
«Биыл «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде 56 жаңа жоба жинақталып, ауыл шаруашылық басқармасына ұсынылды. Жалпы, Қордайда «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп ашуға ниетті жастар көп. Тұрғындар тарапынан жобаға қатысып, өз кәсібін ашуға ниет білдіріп отырғандардың қарасы да қалың. Ауданда жоспарланған жұмыстар, жобалар мен бағдарламалар жыл бойы жалғасын тауып, тиісті жұмыстар Мемлекет басшысы тапсырған талаптарға сәйкес атқарылатын болады», – дейді Дамира Маратқызы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы