Демалысқа келіп, ауырып қалған студентті дәрігер неге қабылдамайды?
Адамзат үшін денсаулық басты байлық болғандықтан, дәрігердің алдына келген науқасқа бей-жай қарауы жараспайды. Алайда қоғамда түрлі жағдайлар кездеседі. Десе де, алдына денсаулығына қатысты шағым айтып келген науқасты қабылдамаған дәрігердің әрекеті ешбір себеппен ақтауға келмейді. Дәл осындай жайтпен редакциямызға студент қыз хабарласты. Ол тұрғылықты жері бойынша дәрігерге барған, бірақ ондағы маман мұның студенттер емханасында тіркеліп тұрғанын, сонда баруын немесе жекеменшік дәрігерге қаралуын айтып, қабылдамаған. Біз мәселенің аныққанығын білу үшін аталған емхананың басшылығына хабарластық.
Редакциямызға хабарласқан студент Диана Мадиярбек Алматы қаласында оқиды. Сондықтан оның оқуға түскен қаласындағы студенттер емханасына тіркелгені рас. Жазғы демалыста үйіне келгенде денсаулығына күмәнданады да, Тараз қаласындағы емханаға барады.
Расында да, демалыстағы студенттер қайда емделеді? Біз осы сұрақты алға тартып, аталған емханаға хабарластық. Біздің сұрағымызды тыңдаған бас дәрігердің орынбасары Жадыра Сахова Денсаулық сақтау министрінің 194-бұйрығында айтылған талаптарды еске салды. Онда тұрғындардың медициналықсанитариялық алғашқы көмекке МСАК қолжетімділігі туралы айтылған.
Біздің де айтпағымыз сол, студенттер емханасы орналасқан қаладан басқа аймақта жүргенде ауырып қалса, қайда емделу керек, неліктен тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігер алдына келген науқасты қабылдамай қайтарған? Аталған жағдай бойынша учаскелік дәрігерден мәселенің мәнісін біліп, бізге қайта хабарласып, сұрағымызға жауап қатқан бас дәрігердің орынбасары тағы да заңды талапты алға тартты.
Анықтауымызша, Диана Мадиярбек көзінің алдына шыққан бөртпенің не себептен шыққанын анықтап, тиісті емін алу үшін тері ауруларын емдейтін маманға жолдама алуға барған екен. Жоғарыда айтқанымыздай, учаскелік дәрігер тіркелмегендіктен қабылдамай, өзін мазалаған бөртпенің неден шыққанын да анықтай алмаған.
Тіпті учаскелік дәрігер тұрғылықты жеріндегі емханаға қайтадан тіркеліп келуін, заң талаптарына сай қабылдайтынын түсіндіріп те айтпаған. Егер ол бөртпе қандайда бір сырқаттың салдарынан пайда болып, дер кезінде себебін анықтап, ем алмағандықтан асқынып кетсе қайтпек? Әрине ондайдың беті аулақ, дегенмен денсаулыққа қатысты титтей белгі болса да бірден маманға қаралу керегін ақ халаттылар үнемі ескертіп жүр емес пе? Ендеше, кәсіби маманның көмегіне жүгініп, алдына барған адамды дәрігер неге қарамай, кері қайтарған? Қандай жағдай болса да, Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жан алдына келген науқасты қабылдамай қайтармауы тиіс қой. Тіпті заңға қайшы келетін болғанда да тиісті жолдарын көрсетіп, қайткенде де науқасқа дауа табуға ұмтылмас па?
Бұл жағдайды көпшіліктің назарына жариялаудағы мақсат – біреуді кінәлау емес. Барлық дәрігерлер ойланса екен, ал студенттер демалыста денсаулығын тексертіп, емделер болса ертерек емханаға тіркелуді ұмытпаса дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА