Жаңалықтар

Жаңа ғимарат – жаңа бастамаларға жол ашады

Тараз қаласында Сот сараптамалары институтының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына қала әкімі Бақытжан Орынбеков пен Әділет министрлігі сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов, Сараптамалық қызметті ұйымдастыру департаментінің басшысы Алан Тіленшиев және сала мамандары қатысты.

Облысымызда 1952 жылдан бері сот-медициналық сараптама, тәуелсіздік жылдарынан бері сот сараптамасы бағыты тұрақты дамып келеді. 2017 жылы бірыңғай сот сараптамасы институты құрылып, бүгінде аталған құрылым сот сараптамасының 24 түрі мен 42 мамандық бойынша сараптамалық қызметтерді көрсетеді.

Уақыт талабы мен ұжымның өсуіне байланысты жаңа ғимарат қажеттілігі туындаған болатын. Соған сәйкес жергілікті атқарушыбиліктің қолдауымен өткен жылы жалпы ауданы 2 мың шаршы метр болатын жаңа ғимарат сатып алынды.

Жыл соңында ғимаратты күрделі жөндеуге 200 миллион теңге бөлініп, мамыр айында 90-ға жуық қызметкерден құралған ұжым жаңа нысанға қоныстанды. Нысанның ашылу салтанатында көне шаһар басшысы сала қызметкерлерін жаңа қонысымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Сондай-ақ жиында Әділет министрлігі сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов жергілікті атқарушы орган басшыларына бірегей бастамаға қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізді.

Заманауи технологиялар және бейнебақылау камераларымен толықтай қамтамасыз етілген ғимаратта сот сарапшылары, сот-медициналық сарапшылары мен сот-психиатриялық сарапшылар кабинеттері, зертханалар мен кеңсе, 50 орындық мәжіліс залы мен мұрағат орналасқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК