51 жаңа техника табысталды
Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы жағдайында бұл саланың маңызы артып, су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналды. Бұл тұрғыда Президенттің тапсырмасы бойынша ел аумағында су саласында жаңа су қоймаларын салу, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, саланы материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Қазсушар» республикалық кәсіпорынның облыстық филиалына жалпы саны 51 арнайы техника табысталды.
Салтанатты жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Орталық алаңда сап түзеген су жаңа көліктердің қатарында соңғы озық технологиямен жабдықталған «Соболь – Газ 231073», «Камаз» маркалы және Hidraulik Crawler шынжыр табанды экскаваторы және «Lovol – 854» тракторы мен SEM тиегіштері бар.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су саласы мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, қызметкерлердің өңір халқын тіршілік көзімен қамтамасыз етудегі еңбегін жоғары бағалады.
Жиын соңында су саласына еңбек сіңірген бірқатар мамандарға жауапты министрлік пен облыс әкімінің арнайы марапаттары табысталып, құрмет көрсетілді. Айта кетейік, бүгінде өңірдің су саласында айтарлықтай серпін бар. Мәселен 2019 жылдан бері халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен облыстың 6 ауданында жалпы ұзындығы 608 шақырымды құрайтын су жүйелері қайта жаңғыртылды.
Сондай-ақ 2 жаңа су қоймасы салынып, 19 су қоймасы жөнделіп, 1 гидробекет қалпына келтірілді. Бұдан бөлек өңірде 2028 жылға дейін 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қойманы қайта жаңғырту мен 312 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК