Әкімшілік шағымдардың саны артқан
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың аудандық және оларға теңестірілген соттарында бас-аяғы 905 адамға қатысты 768 қылмыстық іс қаралған. Нәтижесінде, 739 азамат сотталса, 10 адам ақталып шыққан. Бұдан бөлек есепті кезеңде облыс соттарына қалдықты есепке алғанда барлығы 15828 талап арыздар келіп түссе, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3754 талап-арызға көбейген. Ал өткен жылы әкімшілік шағымдар саны 9,5 пайызға бәсеңдесе, биыл былтырғы жылғы кезеңмен салыстырғанда талаптардың 13,6 пайызға қайтадан өсуі байқалады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде белгілі болды. Жиында ең әуелі облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов сөз алып, 2025 жылдың 6 айында апелляциялық тәртіппен 5 адамға қатысты үкім күшін жойып, 40 адамға қатысты өзгертілгенін жеткізді. Оның айтуынша, осы кезеңде тергеу судьялары бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстауды санкциялау туралы 288 материалды қараған.
Мұнан соң облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаев облыс соттарының 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол өз сөзінде 2025 жылдың 6 айында барлығы 3823 талап-арыз қайтарылып, 244 талап-арыз қабылдаудан бас тартылғанын атап өтті.
Сонымен қатар брифингте әкімшілік әділет енгізілгеннен кейін әкімшілік шағымдардың саны жыл сайын артып келетіні де айтылды. Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Самат Таусаровтың сөзінше, 2025 жылдың 6 айында 104 іс шешім шығарумен қаралыпты.
Есен ӨТЕУЛІ