Денсаулық

Бір үмітке бір үмітті жалғаған жедел жәрдем

Адам болған соң оқыс оқиғаларға, төтенше жағдайларға, кейде ауруға да тап болып жатамыз. Біріміз күйіктен, ыстан, судан, өндірістен, құрылыстан жапа шегіп қаламыз. Айтпай келген апатта да, ауру иектегенде не жанымыз мұрнымыздың ұшына келгенде жедел жәрдем қызметін шақырамыз. Өзінің аты айтып тұрғандай, жедел жететін медицина мамандары алғашқы көмек көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі мұндайда ұшан-теңіз.

Адам өмірін аман сақтап қалуда жедел жәрдем қызметіндегі дәрігерфельдшерден бастап, диспетчер мен көлік жүргізушісінің де еңбегі орасан. Науқасқа жылдам жеткізетін шопыр да, жол-жөнекей көлік ішінде санитарлық көмек көрсететін фельдшердің де тірлігі кейде бір іспен ғана өлшеніп, олардың еңбегі лайықты бағаланбай жатады. Бір жамандық барлық жақсылықты, игілікті жойып жібереді. Осылайша, олардың күн сайынғы ерлігін ұмытып жатамыз.

Биыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы республикалық жедел жәрдем бригадаларының жарысынан бесінші орын алыпты. Жылда бірінші орыннан көрініп жүрген олар алдыңғы бестікте болғанына да қуанышты. Біз барғанда түске дейін 500-дей қоңырау түсіп жедел жәрдем көліктері қиқулап, жан-жаққа асығыс кетіп жатты. Әрбір кабинетпен, дәрігерлер мен басқа да мамандардың жұмысымен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Күлзипа Қызғараева таныстырды.

Мұнда бетке ұстар мамандар өте көп. Фельдшерлер Маргарита Тәжібаева, Данияр Аккулиев, Пернебек Шонаев, Илья Колошов пен Сағадат Запенов сынды мамандар талайларға көмегін көрсетіп, дертке дауа болып жүр. Алтын қолымен шипа беріп, тән мен жанды сауықтырып жүрген жайлары бар. Жақында ғана олар жедел жәрдем көлігінде сәтті реанимация жасап, кішкентай бөбекті құтқарып қалыпты. Клиникалық өлім тіркелген екен. Тез арада жеткен жедел жәрдем қызметкерлері баланы өлімнен арашалап қалған.

Бүгінде баланың жағдайы жақсы. Мұнан соң облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбековамен сөйлестік. Ол адам жанының арашашысы болуды мектепте жүргенде-ақ шешіпті.

Жақсы көретін жақын туысы қайтыс болғанда бірден дәрігер болуды ойлаған ол Қарағандыдағы медициналық университетке оқуға түсіпті. 1998 жылы оқуды тәмәмдап, қарапайым қызметкерден басшылық қызметке дейін көтерілген. Өз саласына берілген нағыз маман жедел жәрдемнің өткені мен қазіргісі туралы айтты.

Шындығында облыстық жедел жәрдем қызметінде бәрі жаңаша екен. Шақырту түссе қоңырауды өшірмей ұстап тұрады. Бұл да жаңа әдіс. Шақырушы науқасқа диспетчердің айтуы бойынша көмек көрсетеді. Мұндағы барлық жүйе автоматтандырылған. Қоңырау бірінші диспетчерге түседі. Содан соң эвакуацияға жіберіледі. «Көмек» деген жүйе бар. Мамандар 252 бұйрық бойынша жұмыс істеуде. Эвакуаторға қоңырау түскен соң, оның программасында бәрі көрініп тұрады. Қандай бригада қай жерде тұр? Қайсысы бос? Жақынырағы қайсысы? Сол жүйе бойынша бос көлік жіберіледі. Коммуникаторға автоматты түрде сигнал беріледі. Бос бригада оны қабылдайды. Сосын барып науқасқа жөнелтіледі. Шақыртудан бос уақытта жедел жәрдем қызметкерлері сабақ өтеді. Жол апаты кезінде немесе небір ауруларға қарсы көмек көрсетуді үйренеді. Қайталайды.

Сондай-ақ олар мектептерге, колледж бен университеттерге барып, алғашқы көмек көрсету туралы шеберлік сыныптарын өткізеді. Жедел жәрдем фельдшері – медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқаратын маман. Ол шұғыл жағдайларда алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, науқастың өмірін сақтап қалуға тікелей жауапты. Фельдшер дәрігердің қатысуынсыз жедел шешім қабылдай алады және төтенше жағдайларда дербес әрекет етеді. Илья Кулишовтың стансада жұмыс істегеніне 19 жыл болыпты. Фельдшердің ісі қызық әрі қиындыққа толы. Орыс тілінде қойған сұрағымызға Иван Викторович қазақша жауап беріп, бізді таңқалдырды. Таза қазақша сөйлейтін ол халықтың денсаулығын қорғаудағы ең жауапты маманмын дейді.

Иә, ең бай адам – дені сау адам. Жедел жәрдем жедел жеткенімен, оны шақыратын кездер аз болсын. Шұғыл жағдайлар кезінде қызметтің үйлесімді және нәтижелі болуын қамтамасыз етіп, адамдардың өмірін құтқаруға маңызды үлес қосатын жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі елене бергей.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА