Әлеумет

Телефон арқылы туристердің нақты санын білуге болады

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Бұл бағытта оң динамиканы қалыптастыру үшін елімізде барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Дегенмен өзге де салалардағыдай туризм бағыты да жаңа шешімдер мен ізденістерге тәуелді. Аталған бағытта цифрлық технологиялар кешенді түрде енгізіліп келеді. Мәселен, Туризм және спорт министрлігі 2026 жылдан бастап ұялы деректер негізінде цифрлық статистикаға көшуді қолға алмақ.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Өткен жылы ел Президенті туризмді дамыту жөніндегі кеңесте «Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс», – деп Үкіметке арнайы бағдарламаларды іске қосуды тапсырған болатын.

Осы мақсатта жауапты министрлік Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, ішкі және келу туризмі бойынша статистикалық деректер жинау жүйесін жетілдіру мәселесін қолға алған еді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұялы байланыс операторларының деректері негізінде дайындалған өткен жылғы ішкі туристер туралы алдын ала талдау нәтижелері ұсынылды.

Қатысушылар отандық саяхатшылар мен туристерді сапар ұзақтығына және түнегентүнемегеніне қарай жіктеу тәсілдері, сондай-ақ қалыптасқан көрсеткіштердің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етуге қажетті әдістемелік өлшемдерді талқылады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, туризм статистикасында ұялы байланыс деректерін қолдану – ең тиімді әдістердің бірі. Мұндай тәжірибе қазіргі таңда Индонезия, Оман, Эстония және Сауд Арабиясы сияқты елдерде кеңінен қолданылады. Келер жылдан бастап ішкі және келу туризмі бойынша ұялы байланыс операторларының деректеріне негізделген эксперименттік статистикалық мәліметтерді жариялау жоспарланып отыр. Бұл, өз кезегінде, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға қажетті шынайы туристік ағын туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Айт а кетейік, бүгінде елімізде келген туристер үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылып, ірі әуежайларда QR-кодтары бар «туристік карталар» беріледі. Олар бірнеше тілде көшіқон заңнамасының ережелері, шұғыл қызметтердің байланыстары, таксилер, байланыс операторлары, аймақ карталары және «102» қосымшасына сілтеме туралы ақпаратты қамтиды.

 

Нұрболат АМАНБЕК