Қоғам

Малдың сырқатын тез анықтауға көмектеседі

Бүгінде цифрландыру жұмыстары барлық салада кең етек жайып келеді. Әсіресе, асыраушы сала саналатын мал шаруашылығы да жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Осы мақсатта мал шаруашылығында ветеринариялық бақылау шараларын іске асыру шеңберінде Премьер-министр Олжас Бектенов кезекті Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы жануарларын, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтар сегментінде вакцинациялаумен толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Мал шаруашылығын цифрландыру жануарларға бақылауды күшейтіп, өнімділік пен биоқауіпсіздік деңгейін арттырады. Бұл туралы жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

Министрдің сөзінше, дрондар мен жайылымдардың спутниктік мониторингі қосымша қолданылмақ. Мұндай технологиялар өнімділікті арттырып, шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

The Business Research Company болжамы бойынша, мал шаруашылығының әлемдік нарығы 2029 жылға қарай орташа жылдық өсімі 9,1 пайыз бен 7,93 миллиард АҚШ долларына жетеді. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінде бұл модель көміртегі ізін азайту және биоқауіпсіздікті арттыру құралы ретінде белсенді қолдау тапты. Қазақстан бұл шешімдерді енгізуді саланың тұрақты дамуының негізгі элементі ретінде қарастырады.

 

Нұрболат АМАНБЕК