Аймақ

Ауылдың табысын тасытуды мұрат еткен мұрап

Бүгінде мұрап дегеніңіз елеусіздеу кәсіп көрінгенімен, егін шаруашылығы саласында таптырмас маманға айналып тұр. Өйткені егістіктен мол өнім алу – сол мұраптың ерекше бап пен күтімінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Қазір олардың еңбегін елеп, ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Ал кешегі кеңестік кезеңде осы кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған атаапаларымыздың даңқы жер жарды емес пе?! Керек десеңіз, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл кәсіп шыдамдылық пен қара күшті, ептілік пен ұқыптылықты қажет етеді.

Кезінде картоп өсіру бойынша толағай табыстарға қол жеткізген мұраптар Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченко Социалистік Еңбек Ері атанса, Әбзелбек Татеков пен Жарас Артаев осы атақты алайын деп тұрған тұста кеңестер одағы тарап кетіп, марапатсыз қалған болатын. Міне, бүгінде солардың ізін басып, тәлімін алған Үсіпбек Бегалиевтың сушы болғанына да 40 жылдан асыпты.

Маусымдық жұмыс болғандықтан, бұл кәсіпке жастар жағы көп үйір бола бермейді. Әйтпесе кешегі одақ тұсында осы кәсіпті арнайы мамандық ретінде қарастырса, жалпы қойшыдан кейінгі жалақысы мен табысы жоғары мамандық осы – сушы болғанын үлкендер жағы жақсы біледі. Қазір ғой оның қадірінің төмендеп кеткені...

Осы кәсіпті он жылдан бері жанына серік етіп, әкесімен бірге жұмыс істеп жүрген жанның бірі – Түктібай ауылының тұрғыны Ербол Үсіпбекұлы. Ол бүгінгі таңда Злиха шаруа қожалығында еңбек етіп, картоп алқабын суаруда.

Кейіпкеріміз бұл маусымнан басқа уақытта темір есік, пеш пен жылу құбырын жүргізеді.

Тапсырыспен темір арба, қоршау мен басқа да заттар жасайды. Ал жаздың күні картоп алқабын суарады. Мұнда картоптың «Жуваль», «Латонна» мен «Аметис» сұрыптары бапталуда. Оған әкесі екеуі қарап жүр. Бұған дейін әкесі Үсіпбек Бегалиевке көмекші болып келген ол енді оның жауапкершілігін өз мойнына алған.

Атап өтерлігі, Үсіпбек Бегалиев бұл салада қырық жылдан аса еңбек етіп, былтыр зейнетке шығыпты. Қазір ұлына көмекші болып жүр.

«Еңбек өтілімнің 20 жылында кеңшарда сушы болсам, кейінгі жиырма жылдан аса уақытта бауырларым құрған Злиха шаруа қожалығында еңбек етіп, сушылар звеносын басқардым. Осы кәсіпке ұлымды баулысам, маған бұл кәсіпті Социалистік Еңбек Ері Мүсірепбек Бектаев пен Әділбек Татеков үйретті. Еңбектің арқасында жаман болғаным жоқ. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым», – дейді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы