Бас жүлде – Бектасовтар әулетінде
Ұлттық қасиетімізді ұлықтап, дәстүрлерімізді дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың қастерлі парызы. Ал мұндай ұлық құндылықтар ұрпақ бойына ана сүтімен, әке тәрбиесімен дариды. Сол себепті де қай қоғамда болсын, отбасы институын дамыту аса маңызды. Өйткені отбасы кез кезген мемлекеттің тірегі саналады. Осы мақсатта елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып келеді. Ақтық мәреге дейін екі кезеңді қамтитын байқаудың өңірлік кезең аясында жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздарды марапаттауға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді атсалысып, қоғамдық құндылықтарды насихаттап жүрген шаңырақ иелеріне жылы лебізін арнап, алғысын жеткізді.
Облысымызда 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» байқауында бүгінгі күнге дейін 2700-ден астам отбасы бақ сынаған. Ал биылғы жылы байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 222 отбасы қатысып, облыстық кезеңге 22 отбасы жолдама алған.
Нәтижесінде, түрлі салада жетістікке жетіп, ел ішінде құрметке бөленіп отырған берекелі әулеттер саны тағы да артып отыр. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша үшінші орынды Меркі ауданынан қатысқан Шайхиевтер отбасы мен таластық Дауылбаевтар әулеті өзара бөлісті.
Жүлделі екінші орынды Мойынқұм ауданынан қатысқан Омаровтар отбасы мен Жуалы ауданынан Абдуалиевтар отбасы иеленді. Ал бірінші орын Байзақ ауданынан Әлімбетовтар отбасына бұйырса, талай жыл теміржол саласында еңбек еткен тараздық Бектасовтар әулеті бас жүлде иегері атанды.
Салтанатты іс-шарада Бектасовтар әулетінің отанасы, жиырма бес жыл осы салада табанды еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысына шыққан Ұлмекен Бектасова отбасы институтының маңыздылығына тоқталды.
Айта кету қажет, үш буынды теміржолшылар жанұясы саналатын Бектасовтар әулетінде бүгінде атадан балаға мұра болған кәсіпті әулеттің 5 ұл-қызы, 2 келіні мен 2 немересі абыроймен жалғастыруда.
Нұрболат АМАНБЕК