Жұмыс орнын ашу: жоспар 17,7 пайыз орындалды
Халықты тұрақты жұмыспен қамтып, тұрғындардың әлеуетін арттыру қашанда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін өңірде облыстық еңбек мобильді орталығы құрылып, Тараз қаласы мен аудандарда Мансап орталықтары ашылған. Жұмыспен қамту шараларының межелерін орындау тек аталған орталыққа ғана емес жергілікті жердегі әкімдіктерге де тапсырылып, белсенді шараларын іске асыру міндеті енгізілген.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов аталған бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты министрлік тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» іс-шаралары мамыр айынан бастап жүргізіліп келеді. Өтінімдер қабылдау маусым айынан бастап жүргізілуіне орай саладағы көрсеткіштер төмен қалыптасқан. Басқарма басшының сөзінше, өтінімдегі барлық жұмыс орындары жыл қорытындысымен жұмысшылармен қамтылмақ.
Басқарма басшысының сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 8933 адамға қысқарған. Бұл тұрғыда аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев айқындалған бағыттар бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп, жауаптыларға қаржылай көмектің шын мұқтаж жандарға жеткізілуін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан басшыларына күн тәртібінде көтерілген мәселелер аясында кемшіліктердің оңтайлы шешім табуына қолайлы жағдай жасап, жауаптыларға аталған бағыттағы жұмыстарды назарға алуды тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК