Қазақ-жапон ғалымдары Бүйрекбастау-Бұлақта археологиялық зерттеуді жалғастыруда
Облысымыздағы Қаратау жотасының етегінде орналасқан Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағында қазақ-жапон бірлескен археологиялық экспедициясы археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңірде ертеде өмір сүрген қауымның тұрмысынан нақты дерек беретін бұл тұрақ Талас және Жамбыл аудандарының шекарасында орналасқан.
Ауқымды экспедиция Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Жапонияның Нара ғылыми-зерттеу институтының ғылыми ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда. Экспедицияның басты мақсаты – төменгі және орта палеолит дәуіріне жататын мәдени қабаттарды зерттеп, сол кезеңдегі адамның тіршілік ортасы мен еңбек құралдарын ғылыми тұрғыда сараптап, тарихи деректерді анықтау. Үлкен мақсатты көздеген жобаны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов пен Нара ғылыми-зерттеу институтының профессоры, PhD докторы Садакатсу Кунитаке басқарады.
Экспедиция құрамында PhD докторы Ейки Суга, Васэда университетінің студенті Милена Сугияма және Нью-Йорк университетінің аспиранты Мирас Есмұратұлы бар. Облысымызда зерттеу жұмыстарын жүргізумен еңбектенгеніне 50 жылға жуықтаған экспедиция жетекшісі Жәкен Таймағамбетов 2017 жылы Бүйрекбастау-Бұлақ палеолиттік тұрағына келген. Ол кезде де қасында Нара ғылыми‑зерттеу институтының профессоры Садакатсу Кунитаке болған. Бұлақ басындағы көне жәдігерлер, яғни тас құралдар ғалымдардың көзіне түсіп, ертедегілердің ізін жасырған құпия барын сезіп, осы аймаққа қызығушылық артқан. Алайда ол сәтте терең зерттеу жүргізуге уақыт тығыз болып, бір шаршы метрдей ғана қазған, 50 сантиметр тереңдіктен тас құралдары табылған.
Профессордың айтуынша, біздің елде топырақ пен күл қалдықтарын зерттеумен уақытты анықтайтын зертхана жоқ. Сол себепті бұл маңайдан алынған топырақ және күл қалдықтары Жапонияға жөнелтіліп, зерттелуде.
Жәкен Таймағамбетов Еуропа елдеріне барып, баяндама жасап, дәріс оқығанында Бүйрекбастау-Бұлақтағы тарихи деректерді айтса, Садакатсу Кунитаке өз елінде біздің құнды жәдігерлеріміз туралы жариялап жүр екен. Яғни ғалымдардың еңбектерімен біздің өңірдің тарихы әлем елдеріне танылып жатыр деген сөз.
Қазіргі жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының нәтижесінде ошақ орыны табылды. Сонымен қатар осы жерден 16 мың жыл бұрынғы тас дәуірінде өмір сүрген адамдар қолданған құралдар мен тас қарулар көне жәдіргерлердің қатарын толықтырды. Кездескен күл қалдықтары арнайы зерттеу үшін Жапонияға жөнелтілмек.
Айта кетейік, Қаратау жотасы – қазақ археологиясының алтын діңгегіне айналған аймақ. Мұнда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты, Қызыләуіт пен Бүйрекбастау сияқты тұрақтар адамзат тарихының 1 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі кезеңін қамтитын бірегей археологиялық кешендер. Олардан табылған қырғыштар, тілікшелер мен шапқылар – алғашқы адамдардың аңшылықпен айналысып, табиғатпен үндестікте өмір сүргенін дәлелдейді.
Аталған ескерткіштер алғаш 1946 жылы академик Әлкей Марғұланның жетекшілігімен табылып, кейін 1950-60 жылдары белгілі археолог Х.Алпысбаевтың бастамасымен терең зерттелді. Қазір бұл нысандар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналды.
Профессор Жәкен Таймағамбетовтің сөзіне сүйенсек, Бүйрекбастау-Бұлақ тұрағынан алғаш рет тас құралдар 2017 жылы табылған. Сол жылы бастау алған археологиялық зерттеу жұмысы биыл қайта жалғасып, тағы көптеген көне ескерткіштерге кезіктіріп отыр. Биылғы зерттеулердің нәтижесі төл тарихымызды кеңейтіп, құнды деректермен байытары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Талас ауданы