Әлеумет

Жастарды әскерге шақырудың ізгі жолы қайсы?

Отан алдындағы әскери борышты өтеу – ер жігіттің парызы. Бүгінгі таңда осы парыздан жалтарып, әскерге барудан қашатын азаматтар аз емес. Соның салдарынан жастарды көшеден ұстап әкететін жағдайлар көбейді. Әскери міндетке жігіттерді еркінен тыс ұстап әкету қаншалықты заңды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі.

Яғни Президент өз сөзінде жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнатудың жөні жоқтығын, қандай жағдайда болсын, «заң мен тәртіпке» бағынуды ізгілендіріп, демократияның тірегі болар құқықтық мемлекет құру керегін меңзеп отыр. Осыдан-ақ әскери міндетін өтемеген жастарды аң аулағандай көшеден күшпен ұстап әкету «Заң мен тәртіп» қағидатына томпақ келетінін аңғаруға болады.

Ата заңымыздың 36-бабында мемлекетімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті екені, олар заңда белгіленген тәртіп бойынша әскери парызын өтейтіні анық жазылған. Әскерге шақырту тәртібі «Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңымен реттелген. Ол заңда да Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті азаматтарды күштеп әскери комиссариатқа апару туралы ештеңе жазылмаған. Сондай-ақ әскери қызметке дайындықтан жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 650-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.

Әскери қызметтен қасақана жалтарушылар Қылмыстық Кодекстің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, болмаса 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесіледі. Ал осы бапты бірнеше мәрте бұзған азаматтар 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлі әскерге міндетті азаматтарды әскери комисариатқа көшеден немесе жұмыс орнынан күштеп әкету заңға қайшы әрекет екенін алға тартып, жастарды әскерге баруға ынталандырудың ізгі жолын іздеу арқылы бұл проблеманы шешуге болатынын айтады.

Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар еліміздің 70-тен аса жоғары оқу орнында университет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Олар 4 талаптан тұратын іріктеуден өту арқылы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жинаған балдары есепке алынбай оқуға қабылданады. Ал іріктеуден өтпей қалғандар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы бөлімде оқи алады. Мұның сыртында әскер сапында жүрген сарбаздарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несиелерге «демалыс беру» атты бағдарламасы қарастырылған. Яғни міндетін өтеп жүрген сарбаздың несиесі 13 айға тоқтайды. 12 ай әскери борышын өтеу мерзімі болса, қосымша 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі.

Сарапшылар бұл жеңілдіктердің жастардың әскерге бару құлшынысын арттырмағанын айтады. Қазір керісінше әскердегі әлімжеттік пен суицид секілді жағымсыз ақпараттар тым көбейіп барады. Мәселен, кейінгі он жылдықта 220-дан аса сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Демек, әр жылда жиырмаға жуық бозбала әскерден үйіне табытпен оралады деген сөз. Бұл жағдайлар ата-аналардың да наразылығын туғызып, Отан алдындағы борышты өтеу деген қасиетті парызға көлеңкесін түсіріп жатыр. Бұл аз болса, әлеуметтік желідегі әскери һәм ішкі істер органы қызметкерлерінің киіміндегі азаматтардың көшедегі жастарды күштеп көлікке отырғызып әкету оқиғалары көбейді.

Қоғамдық резонанс туғызған осы оқиғаларға қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі:

Ал әлеуметтік желілердегі қоғамдық резонанс туғызған видеоларға қатысты сұрағымызға Қорғаныс министрлігі т арапынан: «Әскерге шақырудан жалтарушыларға қатысты іздестіру ісшараларын жүргізу кезінде блогерлер мен әлеуметтік желінің жекелеген пайдаланушылары бұқаралық ақпарат құралдарына жағымсыз материалдарды жариялайды. Бұл қала тұрғындары арасында шақыру науқаны туралы теріс пікір қалыптастырады.

Аталған проблемалар азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу жұмыстарын едәуір қиындатады», – деп түсіндірілді.

Қорғаныс министрлігі жауабынан аңғарғанымыз, егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады.

Осы ретте Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі:

Яғни тиісті екі министрлік те жастарды көшеден аяқ-қолын қайырып әскери комиссариатқа күштеп әкету фактісінен бастарын арашалап отыр. Жуырда бұл мәселеге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қайырылып, студенттерді әскерге күштеп алып кету мәселесіне байланысты ойын білдірді.

Министр жоғары оқу орындарының оқуға қабылдау мерзіміне қатысты шешімді шілде немесе тамыз айларында жариялайтынын, осы аралықта әлі студент атанып үлгермеген жастарды әскерге алып кету фактісінің соңында елді алаңдатқан даулы мәселеге Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев та пікір білдіріп, әскерге шақыру тәртібіне өзгерістер енетінін, болашақта әскерге шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы келуі мүмкін екенін, азаматтар ақпараттың шынайылығын eGov кабинетіне кіріп тексере алатынын, қазір тиісті заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

Шайх-Хасан Жазықбаев аталған заң қабылданғаннан кейін жастарды көшеден күштеп әкету секілді жағдайлар болмайтынын, егер азамат шақыртуды елемеген жағдайда, Әкімшілік Кодекс аясында жазаға тартылатынын да мәлім етті.

Ресми деректерге қарағанда 2025 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге 42 098 сарбаз алынуға тиіс. Бұл 42 мыңнан аса әскерді толтыру тиісті мекемелерге аз жүктеме емес. Сондықтан да әскерге шақырудың күштеп әкетуден басқа ізгі жолдарын қоғам болып іздеуге тиіспіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ