Аймақ

Ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Ветеринария – мемлекеттің биологиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды бөлігі», – деген болатын. Азықтүлік қауіпсіздігінің сақталуы мал дәрігерлерінің біліктілігімен, тынымсыз еңбегімен жүзеге асатыны әмбеге аян. Адамның арқауы болар астың сапалы болуының бастауы төрт түліктің саулығынан десек, бұл істе ветеринария саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Осындай маңыздылыққа ие болғандықтан да 2002 жылы «Ветеринария туралы» Заң қабылданған күн, яғни 10 шілде елімізде «Ветеринариялық қызметкер күні» болып белгіленген. Аталмыш саланың облысымыздағы қызметкерлері Меркі ауданындағы «Көк көл» демалыс орталығында бас қосты.

Агроөнеркәсіп кешенінің ең жауапты салаларының бірінде аянбай еңбек етіп жүрген ветеринар мамандарға құрмет көрсетіліп, өлшеусіз қызметтері үшін түрлі марапаттар берілді. Арнайы құттықтап келген облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек Премьер-Министр Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевқа табыстады.

Бірқатар сала қызметкерлеріне ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және 3-дәрежелі «Еңбек данқы» төс белгілері тағылды. Кеудесіне құрметті төс белгісін таққандардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, саланың жаңалықтарын жеткізіп жүрген облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Санат Насурлаевтың да барын атап айтқымыз келеді.

Тағы бір топ азаматтарға ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әділов те мерекелік құттықтауын жеткізіп, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен тоғыз ветеринар маманды марапаттады.

Аmаnаt партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов мереке иелеріне жүрекжарды лебізін арнап, партияның қоғамдық бірлестігі төрағасының Құрмет грамотасын және Алғыс хатын ерен еңбек еткендерге табыс етті. Сонымен қатар Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар меркілік мал дәрігерлерін марапаттады.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұралған бимен тәнті етті. Ветеринария саласының қызметкерлері мерекеде спорттың әр түрінен өзара күш сынасып, шымыр да тапқыр әрекеттерімен топ жарғандар жүлделі сыйлықтарға ие болды. Ал мерекелік басқосудың қорытындысында мал емдеу ісіне қатысты викториналық сұрақтар қойылып, біліктіліктерімен де сайысқа түсіп, ұйымдастырушылар үздіктерді сый-сияпаттармен қуантты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА