Жаңалықтар

Су жаңа жиырма автобус пайдалануға берілді

Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту қашанда маңызды. Бұл шаһар логистикасын дамытып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, соңғы жылдары Тараз қаласында қоғамдық көліктер жаңартылу үстінде. Өткен аптада 20 автобус ел игілігіне берілді.

Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, автобус кілттерін салтанатты түрде табыстады. Шаһар басшысы жолаушылар тасымалын жандандыру мен жолаушылар мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық көліктерді жаңарту ісі алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.

«Smart City Service» серіктестігі тарапынан жеткізілген қоғамдық көліктердің біреуінің жалпы сыйымдылығы 90 адамды, ал орындықтар саны 28-ді құрайды. Қоғамдық көліктер толықтай пандуспен, ішкі және сыртқы бақылау камералары және кондиционермен жабдықталған. Айта кетейік, жыл басында ашылған №62 бағыт бүгінге дейін Талас стансасы мен Талас алқабы арқылы «АуылБереке» базарына дейін қатынаған. Енді бұл бағыт Нұрлы жол көшесі арқылы «Солнечный» алқабына дейін ұзартылатын болады. Жаңа автобустар қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы жүруін қамтамасыз етеді. Өңір экономикасын дамытып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК