Биыл 900-ден астам фермер көмек алады
Елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп келеді. Әсіресе, бүгінде қалыптасқан су тапшылығы мәселесі жаңа шешімдерді қарастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл бағытта су үнемдеу технологияларын енгізіп, оны өндірісте кеңінен пайдалану жұмыстары «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен Жамбыл облысында да жалғасын тауып отыр.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің негізгі операторларының бірі саналады. Акцинерлік қоғам фермерлерге ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен және төлемдердің ыңғайлы кестесімен оңтайлы шарттар ұсынады. Компания шарттарының көп бөлігі жылдық бес-алты пайызбен рәсімделіп, мерзімі 10 жылға жетуі мүмкін. Сонымен қатар, өнімнің табысына қарай мұнда фермер төлем жасау уақытын өзіне ыңғайлы уақытқа таңдай алады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша компанияның басты ерекшелігі де осында болса керек.


Рәсімдеу процесін одан да қолжетімді ету үшін 2025 жылы «ҚазАгроҚаржы» өтінім берудің электрондық жүйесін енгізді. Енді фермерге құжаттардың негізгі пакетін жүктеу жеткілікті-жүйе барлық басқа деректерді мемлекеттік базалармен интеграция арқылы дербес алады. Өтінімді қараудың орташа мерзімі 10 күннен аспайды. Мақұлданғаннан кейін тұтынушы шартқа қол қояды және аграршы техниканы 30-45 күн ішінде алады. Лизингтік бағдарламаның шапағатын көрген щаруашылықтардың бірі – Байзақ ауданында орналасқан «Агрохолдинг ASPAN» ауыл шаруашылығы кооперативі. Аталған шаруашылық бүгінде төрт мың гектарға жуық жерді өңдейді. Онда жүгері, бұршақ, қызылша және басқа да көпжылдық дақылдар өсіріледі. Кооператив басшысы Саха Манатовтың сөзінше, «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруаға техникадан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге дейін қолдау көрсеткен.


Айта кетейік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Барқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың сөзінше, биыл тек Жамбыл облысынының өзіне 7 миллиард теңгеге техника беру жоспарлануда. Аталған қаржыға 900-ден астам фермер көмек алады. Бүгіннің өзінде несие алушылардың басым көпшілігі жылдық бес пайыздық мөлшерлемемен бағдарламаны таңдаған.
Нұрболат АМАНБЕК