«Қуаныштан көз жасымызға ие бола алмадық»
Өнер – өлшеусіз қазына. Халықтың «Өнерлі өрге жүзер» дейтіні де сондықтан. Талантымен талайды тамсандыратын жастарымыз әлем жұртына елдің абыройлы атын шығарып, түрлі салада қуантып жүр. Жақында Талас ауданы, Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының Hustle dance би үйірмесінің өнерпаздары халықаралық байқаудан «Супер Гран-при» жүлдесін жеңіп алып, елге олжалы оралды.
Жамбылдық жас өнерпаздардың бұл жеңісі – өңірдегі мәдениет үйірмелерінің тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық «Танцуй всей душой» хореографиялық байқауына Грузия, Өзбекстан, Ресей, Түркия және біздің елдің Астана, Алматы қалаларынан үздік ұжымдар қатысып, бақ сынасқан еді. Нағыз таланттар қатысқан айтулы бәсекеде жерлестеріміздің топ жарғаны тұтас облысымыз үшін үлкен олжа болды.
Ал топ мүшелері бұл сапар тек жарыс емес, есте қаларлық демалыс сыйлағанын да айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА