Саясат

«Нұрлы жол» – халықты бақытқа бастайтын бағдарлама

«Нұрлы жол» – халықты бақытқа бастайтын бағдарлама

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында Б.Байбек Мемлекет басшысы – партия Төрағасына партия қызметін жетілдіру және қайта қалыптау жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады. Қазақстан Президенті партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ауқымды «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданғанын, ол әлемдік экономикадағы дағдарыстық құбылыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталғанын атап өтті. – Бұл бағдарлама партияның қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені оның беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. «Нұрлы жолды» қабылдау – елдің болашақ дамуы мен халықтың игілігі үшін зор мәні бар маңызды шара. Осыған байланысты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ілкімді қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтты. Б.Байбек сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне партияның қатысуы туралы баяндады. – Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Мәжілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы мен Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды, – деп хабарлады партия Төрағасының бірінші орынбасары. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

* * *

Елбасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын және танымал педагог-хореограф, Ресей Федерациясының Халық әртісі Алтынай Асылмұратованы, сонымен қатар «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровты да қабылдады. А.Винокуров команданың табыстары туралы, сонымен қатар Велосипедшілердің халықаралық одағының бастамасымен өтетін «Тур Алматы» жарысына деген қызығушылықтың өсіп келе жатқандығы туралы әңгімеледі.